.kz доменінде 75 000 атау тіркелген

.kz доменінде 75 000 атау тіркелген

Қазақстанда соңғы бір жылда домендік атаулардың саны біршама артты. Есеп 2011 жылдың қаңтар-маусым айларының арасы мен үстіміздегі 2012 жылдың аналогиялық мезгілін салыстыра отырып жүргізілді. Нәтижесінде 2012 жылы өткен жылға қарағанда 9,4 пайыз артық домендік атау тіркелгендігі анықталған. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі "Интерфакс-Қазақстанға" сілтеме жасай отырып хабарлады.

Қазақ желілік ақпараттар орталығының (KazNIC) мәліметтерінше, 2012 жылдың 31 тамызындағы есептеулер бойынша .kz доменінде 75 285 атау тіркелген. Бұлардың 63,5 пайызы қазіргі кезде жұмыс жасап тұр. 33,2 пайызы жұмысын тоқтатқан немесе бастамаған. Ал парақшалардың 2,96 пайызына кірген қолданушы басқа сайтқа лақтырылады екен.

Домендік атаулардың 85,55 пайызы Қазақстанда, 6,64 пайызы Ресейде, 1,6 пайызы АҚШ-та, 1,04 пайызы Германияда тіркелген. KazNIC жоғарғы дәрежелі KZ домендік атауының менеджері болып табылады. Айта кетелік, орталық 1999 жылы құрылған болатын.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: nur.kz