Elephone Q – смартфон мен фитнес-білезіктің біріккен нұсқасы

Elephone Q – смартфон мен фитнес-білезіктің біріккен нұсқасы
Фото: www.gizchina.com

Elephone компаниясының жаңа өнімі инновациялық идеяны жүзеге асырған. Нақтылап өтсек, қытайлық стартап-компания нарықтағы бәсекелестікке төтеп беру үшін екі гаджет функциясына ие әмбебап аппарат құрастырған.

Elephone Q атауына ие болған жаңа девайс 2,54-дюймді дисплеймен қамтамасыз етілген. Бұл – заманауи фитнес-трекер мен смартфонның гибриді. Нақтырақ айтар болсақ, мобильді аппарат байланысқа шығып қана қоймай, тұтынушының физикалық белсенділігін де бақылайды.

Elephone Q тұтынушының басқан қадамын санайды. Сондай-ақ, аппаратқа бекітілген ұйқы мониторы өз қолданушысының қанша уақыт ұйықтауы керек екенін анықтай алады. Ал егер тұтынушы көп уақыт қозғалыссыз бір орында отырып қалса, арнайы ескерту жасайды.

Аппараттың техникалық мүмкіндігіне келер болсақ, Elephone Q 1 ГГц жиілікке ие MediaTek MTK6572 процессоры негізінде жұмыс істейді. Оперативті жады – 512 МБ. Ал негізгі камерасы 5 МП болып, microSD жады 4 ГБ көлемге дейін көтере алады. Жаңа өнімнің оперативті жүйесі – Android 4.4 KitKat.

Қытайлық компания ұсынған өнімнің салмағы небәрі 52 грамды құрайды. Ал оның нарықтағы бағасы мен сатылымға шығу күні туралы әзірге еш ақапарат берілмеді. 

Ж. Өрісбай