Wakejet Cruise – серфингке арналған электрлі тақта (видео)

Wakejet Cruise – серфингке арналған электрлі тақта (видео)
Фото: www.tahrirnews.com

Серфингпен айналысатын әуесқойлар судағы толқынның маңызын жақсы біледі. Себебі толқын ағысына сәтімен үлгеру әркімнің де қолынан келе бермейді. Ендеше серфингті жаңадан үйренуші тұлғаларға жаңа технология көмекке келеді.

Швециялық өнертапқыштар су бетінде толқынның көмегінсіз жылдамдықты алқымдай алатын электрлі тақта жасады. Wakejet Cruise деп аталатын жаңа өнімді мұхит, теңіз, көл, тіпті өзенде де қолдануға болады. Оның салмағы 29 келі, сағатына 46 шақырым жылдамдыққа дейін жетеді.

Wakejet Cruise электрлі қозғалтқыштың көмегімен қозғалады. Толық қуаты 30 минуттық белсенді қозғалыспен қамтамасыз етеді және қуаттау мерзімі екі сағат уақытты еншілейді. Артық уақыт күтуді қаламайтын тұтынушылар үшін қосалқы қуат жинақтағыштар да дайындалған.

Айта кетсек, еуропалық жаңа өнім арнайы қосалқы құрал арқылы басқарылады. Ал смарт-тақтаның мобильді қосымшасы басып өтілген қашықтық туралы ақпарат беріп отырады.

Жаңа серфингшілердің құралына алдын ала тапсырыс беру 20 мың АҚШ долларын құрайды.

Ж. Өрісбай