Кілтсөзіңізге ие болыңыз

Кілтсөзіңізге ие болыңыз

Қазіргі таңда кез келген ғаламтор қолданушысының танымал әлеуметтік желілерде өз парақшасы мен жеке электрондық жәшігі бар. Әрқайсысының кілтсөзін есте сақтамас үшін көбі бір кілтсөзді барлық жаққа қолданады. Сол себептен оның қауіпсіздігі туралы көп жағдайда ойлана бермейді.

Ғаламтордағы барлық іс-әрекеттер адамның жеке меншігі болып табылады. Оның жеке фотосуреттеріне, өзі түсірген бейнесюжеттерге, сақтаған құжат-хаттарына т.с.с. меншігіне ешкімнің қол сұғуға хақысы жоқ. Алайда, бұл меншіктердің қауіпсіздігіне салғырттықпен қараған жағдайда мұның барлығы қолды болып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан да кілтсөз таңдауға үлкен жауапкершілікпен қараңыз. Кілтсөзіңіздің де сіздің жеке меншік екеніңіз екенін естен шығармаңыз.

Кілтсөз таңдаған кезде ескеретін жайттар:

  • Өзіңізге жеңіл, өзгеге қиын 6 белгіден асатын кілтсөз таңдаңыз;
  • Кілтсөз етіп есіміңізді, тегіңізді, атыңызды таңдамаған жөн;
  •  «123456», «mamochka», «mahabbat», «suyemseni», «zhanym», «janajyl» т.с.с күнделікті өмірде көп қолданылатын оңай сөздер мен реттік сандарды кілтсөз етіп қоймаған абзал;
  • Кілтсөзде, мүмкіндігінше, сандар мен сөздерді араластырып қолданыңыз. Мысалы: «kzkz2030», «18000galam», «koltyrauingena1», «9876gul654» т.с.с.
  • Сандармен  бірге, үлкен және кіші әріптерді араластырыңыз. Мысалы: «AlaTaU2195», «356TenGri9898», «QaZaQtAr1991», «MynBala2012» т.с.с.
  • Көпшілік біле бермейтін есімдер мен атауларды қоюға болады. Ол тек өзіңізге ғана мәлім болуы керек. Мысалы: алғашқы махаббатыңыздың есімі мен туған жылы «Altynai1985», «Azamat1979» т.с.с;  үй жануарларының есімі мен сүйікті саныңыз «aktos33», «moinak8888» т.с.с; алғашқы ұстазыңыздың есімі «Nurgulapai», «Kanatagai» т.с.с; көрші тұратын апа-әжелердің есімдері «Munarata», «Katipawaje» т.с.с; алғашқы көлігіңіздің маркасы не моделі мен шыққан жылы «subaru2006», «zhiguli1998» т.с.с; кино, кітап не телехикаядағы сүйікті кейіпкердің есімі «Alpamys», «Mentai», «Berivan»  т.с.с;
  • Сүйікті өлең жолдарын жазып қойыңыз: «almakettidomalap», «kansonardaburkitshishigadianga», «ushbakitimbarmenin» т.с.с
  • Кілтсөзде мынадай қызықты тәсілді қолданыңыз: «ksgn9k5f,fqcfkls»=«Алыптұлғабайсалды», «Fcnfyf»=«Астана» т.с.с. Шрифт латын тіліне қойып, кілтсөзіңізді қазақша теріңіз.

Ешуақытта кілтсөзіңізді көпшілік назары бірден ауатын қағазға жазып, мониторға жабыстырып қоймаңыз. Сондай-ақ, «Менің кілтсөзім мынадай», «Менің кілтсөзімнің қандай екенін білесіңдер ме?» т.с.с сөздермен мақтанып жатпаңыз. Кілтсөзді жиі-жиі ауыстырып, компьютеріңізді антивирустық бағдарлама көмегімен тазартып қойыңыз.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: shoppingweb.ru, nice-news.net, slon.ru

Ғ. Ұзақ