Қытайлар айфонға ұқсайтын смартфон шығарды

Қытайлар айфонға ұқсайтын смартфон шығарды

Қытайлық Huawei компаниясы жаңа смартфон шығарды. Бұл – батыс нарығын жаулау мақсатында жасалған батыл қадам. Смартфон «Honor» деп аталады. Қазақша «ар, намыс, мәртебе» дегенді білдіреді.

Аталған смартфон былтырдан бастап жасала бастаған. «Смарт» телефонның қандай артықшылығы бар екен? Анықтап көрелік.

Смартфонның негізгі камерасы 8-мегапиксельді. Фокустың алу жылдамдығы – 0,1 секунд. Ал диафрагмасы f/16-f/0,95 аралығында өзгереді. Селфиге арналған алдыңғы камераның сапасы да 8 мегапиксель.

IPS типіне жататын 5,5 дюймді дисплеймен жабдықталған телефон компанияның өз өнімі Kirin 925 процессорымен жұмыс істейді. Аталған платформа 8 есептеу ядросы (4 Cortex-A7 блогы және 4 Cortex-A15 блогы) негізінде құрылған. Ал нақты жиілігі – 1,8 ГГц.

Интернетке кіру жылдамдығы секундына 300 мбит. Honor 6 Plus LTE Cat.6 желісінде жұмыс істей алады.

Девайстың 3 ГБ жедел жады мен 32 ГБ қосалқы жады бар. Құрылғының функционалы Android 4.4.4 KitKat жедел жүйесімен көмкерілген.

Сарапшы мамандар Қытайдың жаңа бренді iPhone 6 Plus смартфонына бәсекелес болатынын айтады. Дегенмен, сатылымға шығып үлгерген Huawei өнімі нарықта әзірге көзге түсе қоймады.

Сурет: www.enter.co

Ж. Өрісбай