2,16 млн еуро тұратын фотоаппарат

2,16 млн еуро тұратын фотоаппарат

Фотоаппараттың жақсы үлгісіне қанша қаражат жұмсауға дайынсыз? Қарапайым үй қолданысына 150-200 АҚШ доллар шамасында тұратын құрылғы да жарай береді. Егер жақсы нәтиже алам десеңіз, әмияныңыздың жұқаратынына дайын болыңыз. Ал кейбір қалталы адамдар өмірлік сәттерді қағазға түсіріп беретін фотоқұрылғыға жүз мыңдап, тіпті, миллиондап ақша жұмсауға дайын. 

Жақында Вена қаласында өткен Westilicht Photographica Auction аукционында 0-Series Leica  фотоаппаратының прототипі  2,16 млн еуроға сатылған болатын. Аукцион бар-жоғы 4 минутқа созылған еді. Лоттың бастапқы бағасы 300 000 еуроны құрады. Leica фотоаппараты 1,8 млн еуроға бағаланып, қаражаттың қалған бөлігі салықтар мен комиссиялық шығындарды құрады.

0-Series Leica фотоаппараты өткен жылы 1,32 млн еуроға бағаланған болатын. Сол фотоаппаратты белгісіз азиялық коллекционер меншігіне сатып алған. Бұл жолы да 2 миллион еуро тұратын фотоаппараттың иесі өз аты-жөнін атамады.

Қызықты дерек. 1923 жылы 0-Series Leica прототипінің бар-жоғы 25 данасы жасалды. Бұл үлгінің негізінде 35 мм пленкалы Leica A сериясы жарық көрді. Сарапшылардың сөздеріне сенетін болсақ,  0-Series Leica құрылғысының 12 данасы ғана күні бүгінге дейін сақталған. Ал сіз фотоаппарат сатып алуға қанша қаражат жұмсауға дайынсыз?

Сурет: youtech.ua