"Apple Iphone 5" сатылымға күзде шығады

"Apple Iphone 5" сатылымға күзде шығады

Негізін Стив Джобс қалаған Apple компаниясының ең үздік өнімі ретінде Iphone мультимедиялық орталығын атауға болады. Түрлі мультимедиялық қызметтерге толы Ipad жайлы да өткен күндері айтып кеткен болатынбыз. Қазіргі жастар мен ересек адамдардың ойыншығына айналған Iphone-ды тіпті бес жасар баланың қолынан көруге болады. Біреуге бұл жай ғана көңіл көтеруге арналған гаджет болса, енді біреулер ол арқылы ғаламторға кіріп, өзінің шұғыл мәселелерін шеше алады. Apple компаниясы жақын арада бізді Iphone ұялы телефонының тағы бір жаңа ұрпағымен қуантпақшы. 

Жаңа бесінші Iphonе-ның өндірісі осы жылдың қазан айына дейін шегерілуі мүмкін деп хабарлайды "Газета.Ru" агенттігі. Бұл жайт Аpple компаниясының өніміне ғашық болған адамдардың көңілін қаяу болары анық. Жаңа "айфон" өндірісінің шегерілуі жоғары жылдамдықты байланыспен қамтамасыз ететін микрочиптің әкелінуіндегі мәселелермен түсіндіруге болады. Бұған қоса, жабдықтаушылар Apple компанияcын құрамдас бөліктердің қажетті санымен қамтамасыз ете алмай жүр. Бұл жағымсыз жағдай да жаңа бесінші ұрпақтағы "айфонның" жарық көруінің шегерілуіне түрткі болып отыр. Желіде жаңа бесінші "айфон" 2012 жылдың маусым айында шығады деген мәлімет таратылған болатын. Ең қызығы, бұл телефонды бүкіл халық  2011 жылдың күзінен тосып жүр. Бірақ сол кезде Apple компаниясы халық назарына төртінші ұрпақтағы iPhone-ның жетілдірілген үлгісін ұсынған еді. 

Көптеген сарапшылардың болжамдары бойынша жаңа телефонға деген сұраныс жоғары болуы әбден мүмкін. Жаңа гаджеттің сыртқы корпусы "сұйық" металдан жасалынып, сыртқы дизайны алдыңғы Iphone 4 және 4S үлгілерінен қатты ерекшеленеді. iPhone 5 дисплейінің өлшемдері де ұлғаятын сияқты. Шамамен 4,6 дюйм болса керек.

Қазірдің өзінде де сарапшылар жаңа құрылғының бағасы қандай болатынын болжай алмай, аң-таң болып отыр. Citigroup компаниясының сарапшысы Ричард Гарднердің пікірі бойынша жаңа  iPhone 5-тің бағасы алдыңғы үлгілерден жоғары болмақ. Гарднер мырзаның болжамы дұрыс бола ма, бұрыс бола ма уақыт көрсетер. Сіз бен бізге тек жаңа гаджеттің сатылымға шығатын күнді күту ғана қалды.

Сурет: Applegazette.com