Пультті ойлап тапқан кім?

Пультті ойлап тапқан кім?

Теледидар алдына жайғасып алып, қалаған бағдарламаны көргенге не жетсін? Жайлы орнымыздан жылжымай, арналарды ауыстыруға мүмкіндік беретін пультті кім ойлап тапқанын әлбетте, білгіңіз келетін болар. Олай болса, кеттік...

Күллі адамзат пультті ойлап тауып, оны қолданысқа енгізгені үшін үлкен алғысты Роберт Адлер мен Юджин Макдональдқа айтуы керек. Екеуінің қажырлы еңбегінің арқасында біз "Әй, анау төртінші арнаға қойшы" деп үй кенжесінің мазасын алмаймыз.

Юджин Макдональд 1923 жылы Zenith Radio Corporation компаниясының негізін қалап, сол жерде 45 жыл бойы адал еңбек еткен. Оның басқарып отырған компаниясы алғаш рет АМ- және FM жиілік диапазондарында жұмыс істеген радио таратқыштарын эфирге шығарған болатын. Бірақ, Юджинге бұл аз көрініп, ол өзінің зерттеу жұмыстарын ары қарай жалғастырып, елеулі жетістіктерге қол жеткізген. Атап айтқанда, Макдональдтың басқарып жүрген компаниясы өткен ғасырдың 30-жылдарында алғашқы телевизиялық қабылдағышты ойлап тапқан. Ал 1948 жылы Макдональдтың басқаруымен әлемдегі ең алғашқы ақ-қара түсті теледидар пайда болған.

Юджин Макдональд адам баласын телевизиялық жарнамалардың шексіз санынан құтқарсам деп армандайтын. Бірақ, сымды телевизияның дамығаны соншалықты, жарнамалармен күресудің өзі бір қорлыққа айналған. Сонда, Макдональд орнынан тұрмайтындай етіп, арналарды ауыстыруға мүмкіндік беретін техникалық құралдың жобалауын бастайды. Бірінші дүниежүзілік соғысты капитан шенінде жеңген Юджин әскерде жүргенде болашақ жобасына ұқсас құрылғыларды жиі көретін. Көп ұзамай өзінің барлық білімін осы құралдың пайда болуына сарп етті.

1950 жылы Zenith компаниясының белді инженерлері "Жалқау" атты алғашқы алыстан басқару пультін ойлап тапқан еді. Бұл техникалық дағдарыстың үлкен қадамы болатын. Бірақ "Жалқау" теледидарға сымның көмегімен жалғанды. Бұл жайт өнертапқыштар мен көптеген адамдардың наразылығын тудыратын. 1955 жылы осы оқылықтың орнын Zenith инженері Юджин Полнидің құралы толтырды. Бірақ Полнидің де өнертабысы қолданысқа ыңғайсыз болып шықты. Арналар теледидарға бағытталған сәуле көзі мен пульттің үстінде орналасқан дөңгелек дисктің көмегімен алмастырылатын. Ал теледидардың әр бұрышында ауыстырып-қосқыштың функциясын атқарған фотоэлемент орналасатын.

Макдональдқа бұл да аз көрінді. Ол қоластындағы барлық инженерлерді жинап алып, жаңа заманауи талаптарды толықтай қанағаттандыратын алыстан басқару пультін құрастыруға қаулы берген. Жаңа зерттеулер мен құралдар құрастыру басқармасын Роберт Адлер басқаратын. Zenith компаниясында өзінің жұмыс мансабын 1941 жылы бастаған инженер жаңа құралдың негізі ретінде радиотолқындарды қолдануды ұсынды. Толқындар қалың қабырғалардан өтіп, көршілес тұрған теледидарды да басқара алатын. 1980 жылдары техно өнеркәсібі толығымен инфрақызыл сәулелі пульттерді құрастыруға көшіп, жаңа заманауи үлгілердің құрылысы бір сәтке де тоқтамады.

1997 жылы Адлердің ойлап тапқан құрылғысы Американдық академияның Emmy жүлдесіне ие болған. Қазіргі таңда барлық теледидарлар мен түрлі техникалық құрылғылар алыстан басқару пультімен жабдықталады. Ал бірнеше онжылдық бұрын бұл туралы тек армандауға болатын.

Роберт Адлердің жарының айтуынша, пульт өнертапқыштың сүйікті құрылғысы болмады. "Ол теледидарды өте сирек көретін. Көбіне кітап оқуды ұнататын".

Роберт Адлер 180 өнертабыстың авторы.

Роберт Адлер

Сурет: forum.ixbt.com, computerra.ru