Жер бетіндегі ең қара түсті затты білесіз бе?

Жер бетіндегі ең қара түсті затты білесіз бе?
Фото: i-fakt.ru

Бала күніңізде үлкендерге қорқынышты ертегі айтып бер десеңіз: «қап-қараңғы түнекте, қараңғы бөлмеде...» деп әңгімесін бастаушы еді. Ал сіз одан әрі қорқу үшін «қараңғыдан да қараңғы немесе қара түстен де қара не болуы мүмкін» деген сұрақты қойып көрдіңіз бе? 

Зерттеу жұмыстарына қарағанда жердегі ең қара нәрсе – көмір. Ол табиғи минерал көзі ретінде солай саналады. Себебі оның қап-қара түсі 96 пайызға тең. Бірақ ғалымдар мұнымен тоқтап қалған жоқ. Зерттеу жұмыстарын жалғастыра келіп, таң қаларлық жағдайға тап болды. 2014 жылдың шілде айында Ұлыбританияның Ұлттық физикалық зертханасы мен Surrey NanoSystems орталығының ғалымдары жер бетіндегі ең қара нәрсе –Vantablack деп тапты. 

Vantablack – өзіне түскен жарықтың 99,965 пайызын жұтып қояды. Тіпті микротолқындар мен радио толқындарды да жұтады. Vantablack вертикаль бағытта, алюмини фольгесінде «өсетін», таяқша тәрізді, әрбір таяқша адам шашынан 10 мың есе жіңішке болып келетін зат. Адам аталған затқа қараған кезде өзінің сезімін жеткізе алмай қиналуы мүмкін. Тіпті оны суреттеудің өзі қиын. Өйткені ол біз бен сіз ойлағаннан да қап-қара. Тіпті көріп тұрған көзіңіз жаңылып қалуы мүмкін. 

Айта кетерлігі, аталған затқа әскери қызметкерлер қызығушылық таныта бастаған. Себебі Vantablack қара түсімен түрлі химиялық заттарға әрекеттесіп, ақылға сыймайтын дүниелерді жасауы мүмкін. Бірақ ғалымдар бұл зат туралы кеңінен әңгімелеп беруге қарсылық білдірді. Тіпті тілшілерді де қабылдамайды. Ғалымдар, сонымен қатар, бұл заттың құны шексіз деп баға беріп отыр. Себебі Vantablack мысқа қарағанда жылуды жеті есе артық өткізеді.

М. Ақан