iOS фанаттары Android-ты ұнатып қалды (видео)

iOS фанаттары Android-ты ұнатып қалды (видео)
Фото: www.youtube.com

iOS 9 платформасының шығуына небары бір ай қалды. Әдеттегідей Apple корпорациясының жаңартылған оперативті жүйесі туралы әзірге еш мәлімет жоқ. Ал iPhone тұтынушыларына iOS 9 платформасының кейпін жамылған Android-ты көрсетсе ше?

Голландияның Dit Is Normaal басылымының мамандары қызық тәжірибе жүргізген. Олар iPhone смартфонының қытайлық көшірмесіне Android платформасын орнатып, Apple Store маңында жүрген тұтынушыларға оны «жаңа iOS» деп таныстырған. Нәтижеде тәжірибеге қатысушылардың басым бөлігі iPhone-дағы Android оперативті жүйесін ұнатып қалғандарын жасырмай айтты.

Қолданушылардың бірі оперативті жадының жылдам жұмыс істейтініне қуанса, тағы бірі платформаның сыртқы бейнесінің өзгергеніне риза екенін айтты. Бір қызығы, дерлік барлығы «жаңа iOS» платформасының Android-тан әлдеқайда ұтымды деп ойлайтындарын айтып, пікір білдірген. Ал шындығында олар көрген «жаңа iOS» сол Android платформасының өзі еді.

Расында смартфон тұтынушылардың көп бөлігі iOS пен Android арасындағы нарықтық бәсекелестікке қызығушылық танытпайды. Әйткенмен де, тәжірибеге қатысушылар iOS платформасына Google іздеу қызметінің қалай қосылғанын ескерулері тиіс еді.  

Ж. Өрісбай