Тьюринг тесті туралы не білесіз?

Тьюринг тесті туралы не білесіз?
Фото: www.wired.com

Ұлыбританияның белгілі математигі Алан Тьюринг өткен ғасырдың ортасында өмір сүрсе де, жасанды санаға қатысты көптеген болжам айтып кеткен. Бүгінде ағылшын ғалымы Стивен Хокинг пен америкалық миллиардер Элон Маск Тьюрингтің пікірін жақтап отыр. 1951 жылы Алан Тьюринг: «белгілі бір деңгейде ... машиналар бақылауды өзіне алады», - деген болатын.

Тьюринг тесті – жасанды санаға ие роботтар үшін ең маңызды сынақ. Ғалымдардың айтуынша, робот аталған тестті тапсыра алса, оны адамнан айыру мүмкін болмай қалады. Тесттің мақсаты машина интеллектінің деңгейін анықтау. Нақтырақ айтар болсақ, адам баласымен салыстыра отырып сынау. Егер жасанды сана қарапайым әңгіме барысында адам баласын өзіне сендіре алса, оның интеллектуалдық деңгейі адам санасымен теңеседі.

Тьюринг тесті туралы өткен жылы түсірілген «Имитация ойыны» (The Imitation Game) автобиогафиялық фильмінде көп айтылмаса да, осы жылы әлемдік прокатқа шыққан Алекс Гарлендтің «Бұрынғы машина» (Ex Machina) фильмі көп мәлімет береді. Осыған дейін көптеген ғалым Тьюринг тестін іске аспайтын сынақ жобасы деп келген еді. Дегенмен, жасанды сананың дамуы өз нәтижесін бергендіктен, Тьюрингті жақтаушылар саны арта түсті. Тьюрингтің басты мақсаты тест барысында жасанды сананың адам сияқты ойлай алу қабілетін тексеру болған еді.

"Имитация ойыны" фильмінен кадр

Ғалымдар Тьюринг тестінің өте қарапайым екенін ескеріп, оның әртүрлі аналогын құрастырған. Атап айтқанда қазіргі кезде ойын ойнау, музыка немесе поэзия салаларындағы роботтардың интеллектін анықтау әдістері бар. Мысалы, 1997 жылы шахматтан әлем чемпионы Гарри Каспаров комьютерден жеңіліп қалған болатын. Сондықтан бұл әдіс сенімді емес. Музыка саласында да машиналар өте жоғары мүмкіндікке ие. Айта кетсек, lamus компьютері белгілі сазгерлердің біліктілігін игеріп алған. Кейбір ғалымдардың айтуынша, компьютер поэзиясы да осалдық танытпайды.

"Бұрынғы машина" фильмінен кадр

Сонымен қатар, cенсорлы Тьюринг тесті бар. Алан Тьюрингтің өзі адам терісін таныта алатын материал табылатынын болжаған. Материал табылса, интеллигентті роботтарды жасанды терімен қаптайтынымызды айтқан. «Бұрынғы машина» фильмінде мұның шынайы көрінісі бейнеленеді.

Жалпы ұғымда, жасанды сана — сіздің сұрағыңызды ұғып, оған нақты жауап іздеуге негізделген компьютер. Ол сіз үшін ауқымды ақпаратты өңдеп, шешім қабылдауыңызға демеу болады. iPhone смартфонындағы Siri жүйесі және IBM құрастырған Watson суперкомпьютері біз пайымдай алмай жүрген жасанды сананың алғашқы прототиптері болып табылады.

Алан Тьюринг өмір сүрген заманда оның «Машина ойлай ала ма?» деген сұрағы ешкімді де қызықтырмаған болатын. Енді жарты ғасырдан көп уақыт өтіп, оның болжамы дәл орындалып жатыр. Бүгінде бұл сұрақ ғалымдар арасында пікірталас тудырып, саналы роботтардың болашақта адамзат үшін қауіпті екені бірнеше рет халықаралық форумдарда көтерілді. Ал мұның қай бағытта өріс аларын уақыт көрсетеді.

Ал сіз қалай ойлайсыз, роботтардың адам сияқты сана мен сезімге ие болғанын қалайсыз ба?

Ж. Өрісбай