Қытайлықтар әлемде көшірмесі жоқ тұңғыш титанды көлік құрастырды

Қытайлықтар әлемде көшірмесі жоқ тұңғыш титанды көлік құрастырды
Фото: fishki.net

Аспан асты елі үздік брендті өнімдердің аналогын жасаудан ешкімге дес бермейді. Дегенмен қытайлық компаниялардың өз өнімдері де бар. Жақында Icona Shanghai компаниясы титаннан әлемде аналогы жоқ суперкар жасады.

Қытайдың Шанхай қаласында көлік шығарумен айналысатын компания Icona Vulcano Titanium атты титанды көлігін италиялық Cecomp өндіріс концернімен бірігіп құрастырған. Авто инженерлер 1 000 сағатта көлік үлгісін толығымен қолмен жинаған.

Жоба авторлары Vulcano Titanium көлігінің дизайнын Lockheed компаниясының SR-71 Blackbird ұшақ моделіне қарап жасаған. Суперкар салмағы – 1595 кг. Ресми ақпаратқа орай, титанды көлік компрессорлы V8 6.2 қозғалтқышымен жұмыс істейді. Мұндай қозғалтқыш әзірге америкалық Chevrolet компаниясы шығарған Corvette C6 ZR1 спорт көлігіне ғана қондырылған.

Титандың көліктің ең жоғары жылдамдығы – сағатына 354 шақырым. Ал сағатына 96,5 шақырым жылдамдыққа 2,8 секундта жете алады.

Icona Shanghai компаниясы ұсыған жаңа көліктің бағасы туралы мәлімет жоқ. Сарапшылардың айтуынша, суперкар құны кем дегенде кезекті Lamborghini сериялары сынды 2 000 000 еуро айналасында болуы мүмкін. 

Ж. Өрісбай