Audi экологиялық таза жанармай ұсынады

Audi экологиялық таза жанармай ұсынады
Фото: www.digitaltrends.com

RON 100 көрсеткішіне ие жүз пайыз октанды индикатордың прототибі бола алатын жанармай дайындалды. E-бензин (е-Benzin) деп аталған көлік қозғалтқышының отыны ешқандай мұнай синтезін қамтымайды, яғни экологиялық таза өнім болып табылады. Бұл туралы Audi автокөлік концернінің баспасөз қызметі хабарлады.

Синтетикалық отын құрамында күкірт және бензин болмағандықтан, «таза» жанып, автомобиль қозғалтқышын жоғары  тиімділікпен қамтамасыз етеді. Оның қоршаған ортаға тиімділігі де орасан зор болып отыр. Бұл әзірге сынақ нұсқасындағы жанармай болса да, Audi жақын арада е-бензинді тәжірибе жүзінде пайдаланып көрмек.

Инженерлер болашақта қолданылатын экологиялық таза жанармайды пайдалы қазбаларсыз өндірудің жолдарын қарастыруда. Себебі сарқылатын мұнай сынды табиғи қазбалардың орнын басатын өзге шикізатқа көшуді әзірден бастаған жөн. Ал неміс инженерлері е-бензинді изобутилен деп аталатын биомассадан жасаған. Ғалымдардың айтуынша, болашақта альтернативті бензин өндіру үшін тек су, сутегі, көміртегі диоксиді мен жарық керек болады. Отынның қазіргі прототибі тәжірибеден сәтті өтетін болса, 2016 жылдан бастап жаппай өндіруге жіберілмек.

Ж. Өрісбай