Енді көлікті сағатпен де басқаруға болады

Енді көлікті сағатпен де басқаруға болады

Келесі жылдың басында өтетін CES 2015 халықаралық көрмесінде BMW жетістіктерімен таныстырады.

Компанияның қауіпсіздік саласындағы еңбегі мақтауға тұрарлық. Жаңа автомобильдерге көліктің айналасын топографиялық картаға түсіретін компьютер қондырылған. Ол жүргізушінің көмегінсіз көлікті тұраққа қоя алады.

Инновациялық жүйе көлікке орнатылған төрт лазерді сканердің көмегімен жұмыс істейді. Компания инженерлері BMW i3 көлігіне тәжірибе жүргізіп, жаңа идеяны тек тұраққа қою кезінде емес, сондай-ақ, оны жүргізу кезінде де қолдануды жоспарлап отыр. Топографиялық картаның көмегімен көлік жүргізуші байқамаған бөгеттерді көре алады. Бұл соқтығысудың алдын алады.

Тұраққа қою жүйесі Remote Valet Parking Assistant деп аталады. Оны қолда бар кез келген гаджетпен басқаруға болады. Тіпті смарт сағаттың көмегімен де. Қосылғаннан кейін автомобиль өзіне ыңғайлы тұрақты таңдап, сол жерге тұрады.

Көліктің әрбір тұрақтаған орны компьютердің жадында сақтала береді. Сондықтан бір орынға екінші рет келген көлік сенімді қозғалады.

Өткен жылы Audi компаниясы осыған ұқсас бағдарламаны таныстырған. Бірақ Audi көлігі Wi-Fi арқылы басқарылатын. BMW компаниясы ұсынған технология бұған қарағанда әлдеқайда ұтымды.

Осы секілді өнімдер келесі жылдың қаңтар айында өтетін CES 2015 көрмесіне қойылады.

Сурет: www.autoblog.com

Ж. Өрісбай