Audi 2017 жылы электрокар нарығына келеді

Audi 2017 жылы электрокар нарығына келеді

Екі апта бұрын Mersedes-Benz пен Porsche басшылығыалдағы екі-үш жылдың барысында толығымен электрокар құрастыруға көшетіндерін жариялаған болатын. Аталған компаниялар Tesla Model S электр күшімен жүретін көліктерге бәсекелестікті тудыруды мақсат еткен. Ал соңғы мәліметке орай, электрокарлар нарығында тағы бір неміс өндірушісі бағын сынайтын болады. Ол - Audi компаниясы болмақ.

Audi құрастырушылары электрлі қозғалтқышпен жүретін көліктің жобасын бастап жіберген және алғашқы өнімі 2017 жылдың басында шығатын болады. Айта кетсек, бұл жоғарыда аталған екі компанияның мақсатты уақыт мерзімінен де ерте болып отыр. Көліктің орта жүру межесі 450 шақырым болуы тиіс. Бұл қазіргі көрсеткіш бойынша ұтымды нәтиже болып отыр.

«Мынадай көліктер қазір құрастыру сатысында және олар 2017 жылға қарай таныстырылатын болады. Айта кеткен жөн, бұл көліктер спорттық тәртіпте болмайды», - дейді Audi компаниясының техникалық директоры Ульрих Хакенберг.

Демек неміс өндірушісі қарапайым электрокар немесе Tesla Model X аналогын шығаруы мүмкін. Өздеріңіз куә болып отырғандай, құрылымы екі жыл бұрын басталған электр күшімен жүретін көліктерге қызығушылық жыл өткен сайын артып келеді. Мысалы, алғашқы электрокарлар шыққан жылы небәрі 10 мың дана сатылған болса, 2013 жылы сандық көрсеткіш үш есеге көтерілген. Енді бүкіл әлемнің көлік өндірушілері өз өнімдерінің құрылымын өзгертетін болады.

Сурет: www.bravica.info

Ж. Өрісбай