"Жүргізушілер тілін" білесіз бе?

"Жүргізушілер тілін" білесіз бе?

Білесіз бе, қазан айының соңғы жексенбісінде «темір тұлпар» иелері өз мерекесін тойлайды. Автокөлік жүргізушілерінің бір-бірімен ақпарат алмасу үшін я түсінісу үшін арнайы ым-ишарат жасайтынын ше? Көлікке жаңадан отырған оқырмандарымызға көлік жүргізушілерінің «тілін» үйреткіміз келеді.

Фаралар тілі

Қашықтыққа жарықты екі рет жағу – ең көп таралған белгі. Сол белгінің ең бірінші мағынасы: егер сізге қарама-қарсы жүріп келе жатқан көліктер екі реттен жарық жақса – онда алдыңызда Жол полициясы қызметкерлері тұрғаны. Ал кейде дәл осындай белгі беру арқылы ашық қалған есік пен люк, кейде алдыңызда жол көлік оқиғасы болған кезде де беріледі. Оның ақпарат бергеніне көлік жүргізушілер «рақмет» ретінде сол қолын көтереді.

Егер жүріп өткен жолыңыз көк тайғақ болса, қарсы келе жатқан жүргізушіге белгі беріңіз.

Егер қарсы бағытта келе жатқан жүргізуші қашықтыққа жағатын белгісін көп уақытқа ұстап тұрса – сіз оның көзін ауыртқандығыңыз. Мүмкін сіз қашықтыққа жағатын жарықты сөндіруді ұмыттыңыз.

Егер артыңызда келе жатқан көлік жарығын сөндіріп-жағып келе жатса, ол сіздің жол беруіңізді өтінгені. Егер қарсы болсаңыз – оң жаққа бағытталған бұрылыс шамын жағыңыз. Бұл ісіңізбен соңыңызда келе жатқан көліктің белгісін түсінгеніңізді, бірақ оның өтінішін кейін (алда келе жатқан көліктен оза алмай келе жатқаныңызды немесе қарсы бағыттағы көліктер келе жатқандығы себепті) орындайтыныңызды жеткізесіз. Егер соңыңыздағы көлік жүргізуші қатты асығып бара жатса өз белгісіне тағы да дауыстық белгі беруі мүмкін. Жол бергіңіз келсе, абай болып, жан-жағыңызда немесе алдыңызда көліктер жоғын біліп алған соң ғана озуына мүмкіндік беріңіз.

Егер қарама-қарсы келе жатқан көлік басқа бір көлікті озу үшін сіздің жолыңызға түсіп келе жатып жарық түсірсе, ол сізге «жәй жүріңіз» деген өтініш айтқаны. Мұндай SOS белгі арқылы ол сізбен соқтығысып қалмай, өз жолына қайта оралуын қамтамасыз етеді.

Егер жүк көлігі алдыңызда келе жатып, сол жақ жарығын жаққан болса ол сізге «менен озба, алда кедергілер бар» деген белгісі деп түсініңіз. Ал егер жүк көлігі оң жақ жарығын жағып келе жатса сізге «алда еш кедергі жоқ, оза бер» деген белгі беріп отыр. Жүк көлігі үлкен болғандықтан оның алдындағы жағдайды артта келе жатқан сіз біле алмайсыз. Мұндай амал сондықтан да жүргізушілер арасында қарастырылған.

Егер көліктер ағымында біреу сізге жол берген болса және оған рақмет айтқыңыз келсе «дабыл» («аварийка») белгісін 2-3 секундқа жағыңыз.

Егер алдыңызда келе жатқан көлік тежегішті қайта-қайта басып, артқы фараларындағы қызыл түспен белгі бергендей болса, онда ол сізге ара-қашықтықты сақтауыңыз керек екенін ескерткені.

Көп жағдайда жүйкесі сыр берген жүргізушілер дыбыстық дабылды қайта-қайта басады. Біріншіден, бұл жол жүру ережесіне қайшы, екіншіден, бұл әдепсіздік. Дыбыстық дабыл тек қана жол көлік оқиғасының алдын алу мақсатында іске қосылуы керек.

Ым мен ишара

Егер жүргізуші алақанын көрсетсе – ол сізге алғыс айтуда немесе сәлем беруде деп түсінгеніңіз абзал.

Ал егер екі қолын қайшылап, кес-кестесе алдыңызда жол көлік оқиғасы болған немесе кептеліс деген белгісі.

Егер кімде-кім көлігінің есігін жаппай немесе есігіне киім әлде басқа зат қыстырып алған болса, оған сұқ саусағыңызбен қай жері екенін көрсетіп өтіңіз. Ал екі қолыңызбен шапалақ ұрсаңыз, онда оның артқы жүк есігінің (багажник) ашылып кеткенін түсіндіресіз.

Егер жүргізуші қолын жұмып-ашса фараны жағуыңызды ескерткені.

Ал егер жүргізуші қолымен жол жиегіне көрсетсе – көлігіңіз тез арада жөндеуді талап ететіндігі.

Егер көлік жүргізушісі сізге қолын шығарса, оған бола ренжімегеніңіз абзал. Себебі жүргізушілер тілінде «қол көрсету» жүк көліктерінің жүргізушілеріне арналған және оның мәні – қосарланған дөңгелектер ортасында тас тұрып қалғанының белгісі екен.

Егер жолда дөңгелегінің желі шығып кеткен көлік көрсеңіз оған сұқ саусағыңызбен дөңгелек көрсетіп, төмен қарай бағытты нұсқаңыз.

Егер қарама-қарсы келе жатқан көлік жүргізушісі сізге екі саусағымен иығын ұрса – алдыңызда Жол полициясы бекеті бар деген сөз.

Егер көліктің жанармай құятын люгы ашық қалған жағдай болса, оған бас бармағыңызды төмен қарай бағыттап көрсетіңіз.

Саусақпен көзді көрсету бұрылыста жағатын жарықты ұмытып кеткеніңізді ескертеді.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: idrive.kz, ria.ru

А. Құлтай