Алыс сапарға арналған 10 көлік

Алыс сапарға арналған 10 көлік

Алыс сапарға көлікпен шықтыңыз. Кейде көлік жолдың ортасына келгенде, кенеттен бұзылып қалып, айдалада қалып қоятынымыз бар. Осындай проблемалар басты аурытып, жүйкемізді жұқартып жатады. Мына мақалаға көз жүгіртсеңіз, бұндай бас аурулары жайлы ұмытуға болады. Ресейде алыс сапарлар үшін тиімді ең үздік ТОП-10 көліктер рейтингі құрастырылды,- деп хабарлайды AutoNews.ru.

Редакцияның пайымдауынша, экономикалық көрсеткіштері бойынша ең үнемді көліктер дизельді қозғалтқыштармен жабдықталады. Қала көшелерінде бұндай машиналар отынның аз тұтыну көрсеткіштерімен көзге түсіп, әмияныңыздың тез уақытта жұқармауына септігін тигізеді. Осындай темір тұлпарлардың бензинді нұсқалары иелерін касса алдында бір күйгелектендіретіні рас. Ал енді көп созбай, сізді тізіммен таныстырсақ.

Алыс сапарда шаршатпайтын, қалтаңызды қақпайтын көліктер тізімінің көшбасында Porsche Panamera тұр. Тас жолда "Панмераның" тәбеті - "жүзге" 5,6 литр болса, 100 литрлі багымен салмағы 1880 келі болатын көлік 1765 шақырым жерді жанармай құю бекетіне соқпай өте алады. Естеріңізде болса, ертеректе біз сіздерді "Панамераның" гибридімен таныстырған едік. Тізімнің екінші сатысында Audi A6 2.0 TDI бизнес-седаны орналасқан. "Немістің" салмағы 1660 келі болғанымен, дизельге толы 90 литрлі бак 1715 шақырым жерді өтуге жетеді. Үздіктердің үштігін немістің тағы бір үлгісі тәмәмдайды. BMW 520d 70 литрлі багымен 1628 шақырымды жүріп өткен болатын. Бұл сәйкесінше тас жолда -"жүзге" 4.3 л тұтынады деген сөз. 

Қозғалтқыш көлемі 2 л болатын Peugeot 508 1565 шақырым жолды өтіп, 4-орынға ие болып тұр. Көліктің массасы 1595 келіні құраса, отын багының көлемі 72 литр. Бесінші орынды немістің тағы бір өкілі- Аudi A8 3.0 TDI quattro жеңіп алған. Салмағы 1915 келі болатын "аудиде" 90 л бак орнатылған. Кең көлемді отын багының арқасында бұл темір тұлпар 1552 шақырым жерді жүріп өткен. Алтыншы орын бір жарым тонналы Volkswagen Passat 2.0 TDI үлгісінің еншісінде. Дизельге толған 70 литрлі бак 1522 шақырым жерді өтуге жетеді екен. Бұл рейтингте американдық үлгілер де жоқ емес. Мысалға алатын болсақ, Ford Mondeo 2.0 TDCi AT 70 литр багымен 1489 шақырым жерді өтіп барып, тоқтайды. Көліктің толық салмағы 1573 келіге тең. 

Алыс сапарда қалтаңызды қақпайтын көліктің тағы біреуі - Audi A4 2.0 TDI Multitronic. Оның салмағы 1590 келі, 62 литр дизельмен 1409 шақырым қашықтықты жүріп өте алады. Тоғызыншы орында толықприводты  BMW 740d xDrive бизнес седаны. Салмағы 2 тонналы көлік 80 литр бакпен жабдықталған. Бұл "бумер" "жүзге" 5,9 л дизель "жейді" екен. Тіпті "бумерлар" үшін "иіскейді" десек те болатын шығар. Отынға толы көліктің 1356 шақырым жерді өтуге күші жетеді. Тізімді тағы бір "бумер" тәмәмдайды. 67 литр багы бар BMW X3-тің салмағы 1715 келі. Жанармай бекетіне соқпай, сіз 1340 шақырымды өте аласыз.

Байқасаңыз, тізімнің біраз бөлігін неміс автоөндірушілерінің көліктері алып отыр. Бұл олардың отынның үнемделуі мен табиғатымыздың сақталып қалуына үлестерін қосып жатқаны десек, артық емес. Осы жолдан таймасын дегіміз келеді.


Сурет: businessinsider.com