Оңтүстік Кореяда аммиакпен жүретін көлік таныстырылды

Оңтүстік Кореяда аммиакпен жүретін көлік таныстырылды

Оңтүстік Корея әлемге тұңғыш рет аммиакпен жұмыс жасайтын көлікті таныстырды. Автокөлік Корея энергетикалық зерттеулер институтының (KIER) көмегімен жасалды. Бұл туралы Yonhap хабарлайды. 

Көлік 70% аммиактан және 30% бензиннен тұратын қоспаны пайдаланады. Оңтүстік кореялық мамандардың сөзінше, мұндай машина қоршаған орта үшін де қауіпсіз. Ол қатардағы көліктерге қарағанда көмірқышқыл газын 70%-ға аз шығарады. 

1

Зерттеу институтында хабарлағандай, аммиакты машина басқа "жасыл" көліктерге қарағанда үлкен артықшылықтарға ие. Мысалы, аммиак басқа сұйық отындарға қарағанда тұрақты әрі сенімді болып келеді. Одан бөлек, құрастырушылардың сөзінше аммиак отынын автокөліктерге аздаған жаңғырту енгізіп қолдана беруге әбден болады. 

Егер болашақта аммиакты елдегі көліктердің 20%-на қолданатын болса, онда бұл ауаға тарайтын зиянды газдардың мөлшерін жылына 10 миллион тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Алайда аммиакты отынның тиімсіз жақтары да жоқ емес. Ол аммиакты отын технологиясының аса қымбаттығы болып отыр. Бірақ оңтүстік кореялық мамандар қазірдің өзінде аммиакты өндіру мен оны сатуды арзандату мәселесімен шұғылданып жатыр.

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: zhelezyaka.com


Б. Қосмағамбет