Бүгін Ford Fiesta-ның туған күні

Бүгін Ford Fiesta-ның туған күні

Осыдан тура 36 жыл бұрын, 1976 жылдың 12 маусымында жұртшылыққа алғаш рет жаңа Ford Fiesta автокөлігі таныстырылды. Автоның презентациясы Ле-Мане трассасында өткен еді.

Бұл кішкене көліктің жобасы 1972 жылдары жанармай дағдарысының қарсаңында пайда болды. Дегенмен компания басшылығы американдықтардың бұндай шағын көлікті қабылдай алатынына күмәнмен қарап, Испанияның Валенсия қаласында зауыт салып, жаңа автоны Еуропада сатуға бел буды.

Машинаның қалпы дизайнер Том Джерард пен Ghia бюросының туындысы. Жобаға концерн басшысы екінші Генри Форд қолдау білдіргеннен кейін, жылына 500 000  «Фиеста» жасалып, жарық көріп тұрды.

Бұл модельдің басқалардан ерекшелігі - көлік алдыңғы дөңгелектің тартуымен жүретін еді. Сонымен қатар концерннің «хэтчбек» кузовын қолданып жасап шыққан алғашқы жобасы болды. Осы жылдан бастап, "Форд" компаниясы өзінің бұрынғы овал түріндегі фирмалық белгісіне қайтып оралғандығын да айтып өтелік. Еуропада автомобиль 950, 1100 және 1300 куб. см көлемдегі мотормен жабдықталып шығарылып отырды.

а

 Ford Fiesta-ның алғашқы және 6 миллионыншы данасы

Қазіргі таңда конвейерде Ford Fiesta-ның алтыншы ұрпағы Mark VI айналып тұр. Бұл модель 2008 жылдан бері шығарылып, халыққа жол тартып жатыр. Осыдан екі жыл бұрын компания «Фиестаның» 6 миллионыншы данасын атап өткен болатын. 

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

суреттер: ford.com