Bayerische Motoren Werke - BMW

Bayerische Motoren Werke - BMW

Қазір 90 жылдық тарихы бар BMW компаниясы үлкен жетістікке жетіп отыр. Өз тарихын ұшақ жасаудан бастаған компания жетістіктерін жыл сайын ұлғайтуда. BMW компаниясының шығарған өнімі ұшақ болсын, жеңіл автокөлік болсын, мотоцикл болсын әрдайым тек керемет сапа мен жаңа технологияларға негізделіп шығарылады. Сондықтан да BMW маркасы адамның сана-сезімінде «сапа символы» ретінде орныққан...

BMW компаниясының тарихы 1917 жылдан бастау алады. Авиа қозғалтқыштарды жасайтын кішігірім компания иелері Карл Рапп пен Густав Отто бірігіп, ортақ компания құрған. Сол кезде Мюнхенге Макс Фриц қоныс аударып келеді. Жас әрі талантты авиаконструктор қуатты қозғалтқышы бар ұшақ жасауды армандайды.  Ойластырған жобаның тиімділігі соншалықты, әлі бітпеген күйінде де әскер басшыларына ұнаған. Олар осындай ұшақтың 600 данасына тапсырыс берген болатын. Бұл жағдай компания басшыларына ірі көлемді өндіріс ашуға мүмкіндік берді. 

                                                                                                     

Карл Рапп пен Густав Отто

Осылайша 1917 жылдың 21 шілдесінде Мюнхенде әуе қозғалтқыштарын жасайтын зауыт Bayerische Motoren Werke атымен тіркелген. Қуатты және сапалы қозғалтқыштарды жасауға ұмтылған BMW компаниясы көп ұзамай  сапалы өнім  шығарушы атағын иемденген.

Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанда компания үлкен қиыншылықтарды бастан кешірген болатын. Версаль келісімі бойынша Германия өндірушілеріне ұшақ қозғалтқыштарын жасауға тыйым салынған. Қозғалтқыштар жасайтын компания қаржылай қиыншылықтарға тап болады. Өйткені, сол кездегі компания өнімі тек қозғалтқыштардан тұратын. Компания толықтай банкротқа ұшырамас үшін Карл Рапп пен Густав Отто  өндірістерін толықтай қайта қарастырып, мотоцикл қозғалтқыштарын жасау керек деген қорытындыға келеді. Сол кездегі кең таралған көліктердің бірі мотоцикл болған еді.

1923 жылы компания тұңғыш R32 үлгісіндегі мотоциклді халық назарына ұсынды. Бұл үлгі 20-30 жылдары ұйымдастырылған мото бәйгелерде жылдамдығы және сапасымен  көзге түскен.   

Тап осы кезде BMW зауытында «Motor-4» атты  әуе қозғалтқышының жобалануы қарқынды түрде жүріп жатты. Бұл қозғалтқыш тұңғыш рет 1919 жылы Франц Димер басқаруындағы ұшаққа орнатылған болатын. Димер ұшақты 9760 м биіктікке көтеріп, әлемдік рекорд орнатқан.

1928 жылы компания авто өндіруші ретінде өз тарихын бастайды. Компания Айзенахта орналасқан зауытты  сатып алып, 1933 жылы 6 цилиндрлі қозғалтқышы бар BMW 303 үлгінің өндірісін бастаған. 

Екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетіп, компания әуе қозғалтқыштарын жасауға қайта кіріседі. 1944 жылы BMW 109—003 атты реактивті қозғалтқыштың өндірісін бастаған. Бұл қозғалтқыштың өндірісі компания үшін  қомақты қаржы көзі болды.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін компания жеңіл көлік пен мотоцикл өндірісіне қайта оралған. R24 үлгісі соғыстан кейін шыққан мотоциклдердің алғашқы үлгісі болды. 1951 жылы шыққан BMW 501 үлгісі де соғыстан кейінгі көліктердің қатарынан көрінді. 1955 жылдан бастап, компания жаңартылған қозғалтқыш механизмі бар R50 және R51 үлгісіндегі мотоциклдердің өндірісін бастаған. Кейін келе «Isetta» атты шағын көлік жарық көреді. Ол үлгінің ең қызығы - есігі  көліктің алдында орналасқан. Соғыстан кейінгі Германия үшін бұл көлік таптырмас байлық болатын. Алғашқы спорттық көліктердің қатарынан BMW 1500 үлгісі де көрінді. Бұл үлгінің арқасында компанияның аты таныла басталды. BMW компаниясы  алдыңғы қатарлы көлік өндірушілер тізімінде айрықша орын алды. Келесі отыз жыл уақыт ішінде BMW компаниясы сәттілік пен жеңістерден көз ашпайтындай дәрежеге жетті. Сапа мен озық технологиялардың үйлесімді қолданылуы көліктерге деген сұранысты көбейтіп жіберді. Сол кезден бастап, компания жаңа зауыттар ашып, технологиялық процессті барынша дамытып келеді. 70 жылдары бүкіл әлемге танымал үшінші, бесінші, алтыншы және жетінші топтамадағы көліктердің өндірісі басталады.

1998 жылдың аяғына таман BMW компаниясы тұңғыш SAV классына жататын X5 үлгісін халық назарына көрсеткен. Тоқсаныншы жылдары әйгілі көліктердің бірі болған X5 бүгін де сұранысын жоғалтпаған. 2007 жылы осы көліктің екінші ұрпағы жарық көрді.

X5 үлгісі

Өз тарихын ұшақ қозғалтқыштарын жасаудан бастаған компания бүгін Германияда орналасқан 5 зауытта, шет елдерде орналасқан 22 зауытта автокөлік өндірісін басқарып келеді. Бұл компания өзге автокөлік өндірушілерге қарағанда технологиялық процессте роботтарды қолданбайды. BMW компаниясы өз көліктерін жасауда үлкен жауапкершілік танытып қана қоймай, әрбір данасын қолмен жинастырады. Өндірістің соңғы кезеңінде көлік тек компьютерлік бақылаудан ғана өтеді.

BMW концерні көптеген адамдар үшін жайлылықтың, сапаның, техника мен қауіпсіздіктің эталоны. BMW көліктеріне тән сипаттардың ішінен жаңашылдық, мүлтіксіз көлік жасауға деген ұмтылысты байқауға болады. Осы сипаттардың арқасында BMW компаниясының тарихы бір ғасырға таяп бара жатыр.

Суреттер bmw-x.ru, idrive.kz сайттарынан алынған