Жанар жағармай: үнемді және "ысырапшыл" көліктер

Жанар жағармай: үнемді және "ысырапшыл" көліктер

Германияда жанармай тұтыну көрсеткіштері төмен және  керісінше жағармайды шелектеп «ішетін» темір тұлпарлардың тізімі жарияланды. Бұл тізім жанармай тұтыну орташа көрсеткіштері негізінде емес, белгіленген сомаға сатып алынған жанармайдың көмегімен қанша шақырым өте алу фактісі негізінде құрастырылған. Әр көлікке 20 еуро бөлінген.

Жанармайды ең аз тұтынатын көлік - Smart FourTwo Coupe cdi. «Бұл көлік жоғарыда аталған сомаға 500 шақырым жерді кезіп өте алады» - деп хабарлайды AutoNews.Тізімнің екінші сатысында - 1,6 л. қозғалтқышы бар Ford Fiesta ECOnetic. Аталған сомаға жанармай сатып алып, 498 шақырымды жүріп өтуге болады екен.  Жанармайды ең аз «жейтін» көліктер үштігін Volkswagen Polo Blue Motion тәмәмдайды. Неміс көлігі 484 шақырым жерді өтіп тоқтайды екен.

Жанармай үнемдеу жағынан тиімді көліктердің қатарына мына үлгілер кірген: Volvo S40 1.6D DRIVe, Volvo V50 1.6D DRIVe, Mini Cooper D, Toyota iQ 1.0-1.4 D-4D, Mini Cooper D Clubman, Skoda Fabia 1.4 TDI-PD, Toyota Yaris D-4D.
Ал итальяндық спорткарлар жанармайды шелектеп «ішеді» екен. "Ысырапшыл" көліктер тізімінің бірінші сатысында Lamborghini Murcielago LP 640 тұр. Аталған сома тек 65 шақырымды жүріп өтуге жетеді. Екінші, үшінші орында Ferrari 599 мен 612. Олар сәйкесінше 68 бен 70 шақырымға дейін ғана шыдамды. 

Авто тақырыбын форумда талқылайық.

Сурет smartclub.by сайтынан