Әлемдегі ең жылдам мотоцикл жайында не білесіз?

Әлемдегі ең жылдам мотоцикл жайында не білесіз?

Әлемдегі ең жылдам мотоцикл – «Dodge Tomahawk». 

2003 жылы «Dodge» компаниясы «Tomahawk» атты мотоциклдің жаңа түрін жасап, Солтүстік Америка еліне таныстырады. Бұл өнім Солтүстік Америка еліне ғана емес, бүкіл әлем үшін үлкен жаңалық болды. Содан бері 11 жыл уақыт өтсе де, бұл мотоциклден құрылымдық т.б. жағынан асып түсетін мотоцикл әлі шығарылмапты. Бүгінде «Dodge Tomahawk» әлемдегі ең жылдам мотоцикл ретінде барша ғаламға белгілі.

Мотоциклге 10 цилиндрлі 500 аттың күшімен тең қозғалтқыш қондырылған. Бүгінгі таңда бұл – жалпы мотоцикл атаулыға орнатылған ең үлкен қозғалтқыш екен.

Dodge Tomahawk мотоциклі халыққа таныстырылғаннан кейін, өзіне дейінгі орнатылған максималды жылдамдықтар рекордын жаңартты. Ол сағатына 97 км жылдамдықты 2,5-ақ секундта көрсете алады. Ал оның максималды жылдамдығы - 644 км/сағ. 

Бұл «желаяқ» мотоциклдің құрылымы да өзгеше. Өзгешелігі – алдыңғы және артқы дөңгелектері қос-қостан. Әрбір жұп дөңгелектің жеке аспасы бар. «Неге 4 дөңгелек?» деп ойлауыңыз мүмкін. Себебі, тек осылай ғана үлкен жылдамдықты игеруге болады. Мотоциклдің тұрпатына келер болсақ: жалпы ұзындығы - 2,5 метрден астам, биіктігі - 1 метр, ал ені - 70 см.

Tomahawk мотоциклін қолдануда мынадай жағдайларды ескеру керек:

Жылдамдығына қарай жанармайды да көп және үнемі күтім жасауды талап етеді. Беріліс қорабы қозғалыс кезінде ыңғайсыздық тудыруы мүмкін: әлемдегі жылдамдығы жоғары мотоцикл болғандықтан, жүргізушінің астынан сырғып шығып кететіндей. Кішкене ғана жанармай багы Tomahawk мотоциклінің мүмкіндігін шектейді, яғни артық жанармай алып жүрмесеңіз, ұзақ жолға жүруге жарамайды.

«Желаяқ» мотоцикл сериялап шығарылмайды. Бұл модель толықтай қолмен құрастырылғандықтан, тек қана 10 дана жасалған. Tomahawk құрастыруға магний, титан, карбон және алюминий қолданылған.

Алғашқы таныстыруынан кейін мамандар бұл мотоцикл жүрек жұтқандарға арналғандығын айтқан. Бірақ бұл оның танымалдығын одан ары арттырып, қызығушылық тудырды.

10 данасының 9-ы сатылып кеткенімен, оларды көшеде кездестіру мүмкін емес. Өйткені, оған қоғамдық қолданыстағы орталарды жүруге тыйым салынған.

Dodge Tomahawk сипаттамасы:

Қуаттылығы – 500 аттың күшімен тең;
Максималды жылдамдығы – 644 км/сағ;
Дөңгелегі - 1,930 мм;
Көлемі - 8277,00 см3;
Цилиндр диаметрі/поршеннің қимылы – 102.4 x 100.6 мм;
Цилиндр қақпақшасы – 2;
Цилиндрлер V образды орналасқан;
Цилиндр саны – 10;
Беріліс саны - 2;
Алдыңғы және артқы тежегіштерінің диаметрі - 508 мм;
Рама түрі – monocoque engine;
Алдыңғы диск тежегіші - 2х.

Сурет: intofun.info, mostbook.info, mostbook.info

Е. Жұмабайұлы