Әлемдегі ең қымбат 10 автокөлік

Әлемдегі ең қымбат 10 автокөлік
Фото: sports.ru, cardotcom.com

Әлемдегі ең қымбат автокөлік шығаратын компаниялар туралы естіген боларсыз. Алайда бүгінде ең қымбатқа бағаланатын темір тұлпарлар жайлы көп білмеуіңіз мүмкін. Осы мақсатта дайындаған қызықты танымдық ақпаратымызды оқи отырыңыздар. Оқып қана қоймай, олардың теңгеге шаққандағы бағасын да біле жүріңіздер.

10. Bugatti Chiron

Құны : 851 180 000 теңге

Бұл көліктің алғаш рет жасалу нұсқасы 2013 жылы жарияланған болатын. Осы жылы Женева автосалонында ресми түрде таныстырды. Автокөлік атауы танымал автошабандоз Луи-Александр Широн құрметіне қойылған. Ол 1928-1958 жылдар аралығында «Формула-1» жарыстарындағы аты шыққан тұлға болды. Кейде автокөлік атауы әр тілде оқылғанда әр түрлі мағына да береді. Грек тілінде «Хирон» деп оқылса, БАҚ «Кайрон» деп те жазып жүр.

«Bugatti» компаниясы жаңа автокөлік нұсқасының санын жыл соңына дейін 500-ге жеткізуді жоспарлап отыр.

2018 жылы компания автокөліктің жылдамдығы көрсеткіші бойынша рекорд орнатуды жоспарлап отыр.

Бензин багының сыйымдылығы 100 литрді құрайды. Егер бар жылдамдығымен жүретін болса, жанармайы 9 минутқа ғана жетеді екен.

9. Pagani Zonda Revolucion

Құны: 889 870 000 теңге

«Gran Turismo» шығарған «Zonda» нұсқасындағы соңғы автокөлік соңғы уақытта аса бағалы саналып отыр. «Zonda» нұсқасындағы автокөліктер 1999 жылдан бері құрастырылып келеді. Соңғы нұсқасы «Zonda R (Revolucion)» деп аталады.

Автокөлік 100 шақырым сағатына жылдамдықты 2,7 секундта алады.

«Pagani Zonda Revolucion» күші 800 аттың күшіне пара-пар.

8. Lykan Hypersport

Құны: 1 354 150 000 теңге

«Lykan Hypersport» - арабтар шығарған алғашқы люксті гиперкар. «W Motors» компаниясының алғашқы автокөлігінің нұсқасы 2013 жылы Монакода таныстырылған болатын. Танымал «Форсаж 7» фильмінде осы автокөлік пайдаланылған. Моторының мықтылығы – 750 аттың күшіне тең. 100 метр қашықтыққа жылдамдықты 2,8 секундта алады.

7. Ferrari SP12 EC

Құны: 1 702 360 000 nt4ut

Бұл автокөлікті танымал британдық гитарашы, композитор әрі әнші Эрик Клаптон келісімшарт негізінде арнайы жасатқан. «Pininfarina» мамандары автокөлікті жасауға «Ferrari 458 Italia» автокөлігін негізге алған. Ал сыртқы көрінісін «Ferrari 512 BB» нұсқасына ұқсатқан.

6. Lamborghini Veneno Roadster

Құны: 1 741 050 000 теңге

Бұл автокөлік 2013 жылы Женева автосалонында таныстырылды. Бар болғаны 4 нұсқасы ғана шыққан. Оның біреуі мұражайға қойылса, үшеуі таныстырылымға дейін сатылып кетті. «Lamborghini Veneno Roadster» гиперкарын италиялық компания 50 жылдығына арнап шығарды. Моторының күші 750 аттың күшіне пара-пар.

5. Koenigsegg CCXR Trevita

Құны: 1 760 395 000 теңге

«CCXR» ертеректе шыққан «ССХ» нұсқасының жетілдірілген түрі. Бүгінде ең жылдам жүретін автокөліктер арасында экологиялық таза өнім саналады. Моторының күші 806 аттың күшіне тең. Ал жылдамдығын алдағы нұсқаларында тағы жоғарылатпақ.

4. McLaren X-1 Concept

Құны: 1 799 085 000 теңге

2012 жылы «McLaren Automotive» Х-1 концепткарын арнайы таныстырды. Бұл автокөлік қалталы азаматтың арнайы тапсырысы бойынша жасалған. Жасалуына үш жыл уақыт кеткен. Ал автокөлікке тапсырыс берген тұлға әлі күнге дейін белгісіз.

3. Rolls-Royce Hyperion Pininfarina

Құны: 1 818 430 000 теңге

«Rolls-Royce» құрастырған жалғыз автокөлік 2008 жылы белгілі коллекционер Роланд Холл тапсырысы бойынша көпшілікке таныстырылды. Сыртқы қабаты – карбоннан, есіктері ағаштан жасалған. Моторының күші 453 аттың күшіне тең. Дегенмен араға бір жыл сала Роланд Холл ерекше құрметтейтін көлігін 5 миллион евроға сатып жіберді.

2. Maybach Exelero

Құны: 2 756 000 000 теңге

Әлемдегі ең қымбат көліктердің бірі - «Maybach Exelero». Моторының күші 700 аттың күшіне тең. Ал оның доңғалақтары көліктің асқан жылдамдықпен жүруіне қолайлы. Сағатына 100 шақырымдық жылдамдықты 4,4 секундта алады.

1. Mercedes-Benz SLR McLaren 999 Red Gold Dream Ueli Anliker

Құны: 3 604 959 000 теңге

Алтынмен апталып, күміспен қапталған бұл автокөлік арнайы тапсырыспен жасалған.  Қауіпсіздігі соңғы үлгідегі наножүйе бойынша қорғалады. Ұрланған жағдайда арнайы радар орнатылған. Ол көлік иесіне бар хабарды беріп отырады. 2011 жылы жасалған бұл автокөліктің ең қатты жылдамдығы сағатына 350 шақырымды құрайды.

Ө. Сансызбай