Жанармайды телефон арқылы сатып алатын күн жақын

Жанармайды телефон арқылы сатып алатын күн жақын
Фото: icdn5.digitaltrends.com

Алдағы уақытта бензинге арналған талондар мен карталар автокөлік иелеріне қажет болмай қалады. Себебі, 2016 жылдың соңына таман автокөлік жүргізушілеріне арналған мобильді қосымша  шығарылуы мүмкін.

Олар осы қосымша арқылы жанармай құю бекеттерінен бензин сатып алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «КНПЗ» ЖШС коммерциялық директоры Сәбит Сұлтанбеков мәлімдеді.

«Біз бүгінгі таңда мобильді қосымшаға халықтың қызығушылығы жоғары екенін көріп отырмыз. Ол жанармай құю бекеттерінің де жұмысын жеңілдетеді. Талонның жыры бітетін күн алыс емес. Жүргізушілер талонды мобильді қосымшада сақтай алады. Мысалы, барлығыңызда ЖҚБ-ға арналған дисконт карта бар шығар. Бірақ, сіз оны үйде ұмытып кетуіңіз мүмкін ғой. Ал мына қосымша ыңғайлы болмақ», - деді ол.

Сәбит Сұлтанбековтың айтуынша, мобильді қосымшаны енгізу жұмыстары 2016 жылдың соңына дейін жалғасып, содан кейін ғана пайдалануға беріледі. 

Дереккөз: bnews.kz

Е. Жұмабайұлы