Қазақстандықтар Ресейден 3 миллиард долларға көлік сатып алған

Қазақстандықтар Ресейден 3 миллиард долларға көлік сатып алған
Фото: zarulem24

Қазақстандықтар Ресейден 3 миллиард долларға көлік сатып алған. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында "ҚазАвтоӨнеркәсіп" ЗТБ төрағасы Дәулет Бақберген мәлім етті. 

"Осы жылғы автомобиль импортының мәселесін айтатын болсақ, ол мөлшер аясынан шығып кетті. Елестетіп көріңіздерші, халық 3 миллиард долларға автомобиль сатып алып, елімізге алып келген", − деп хабарлады Бақберген. 

Рубль бағамының өзгерісіне байланысты көрші елдегі көліктердің құны Қазақстан азаматтары үшін қызықты көрінген. Биылғы маусымда қазақстандықтар Ресейге 150 миллиард рубль жаратқан. 

2016 жылдың қаңтарынан бастап көрші мемлекеттерден көлік сатып алу бірінші тіркеуге алынатын салықтың енгізілуіне байланысты азаятын көрінеді. 

"Салық тіркеу кезінде алынады. Ол Қазақстанда алғаш рет жүзеге асып жатыр. Яғни сіз көлікті сатып жатсаңыз, бұл сізге қатысты болмайды. Қатысты болса сол оннан біріне ғана қатысты болады. (...) МАИ мәліметінше, 2013-2014 жылдары шыққанына үш жылдан асқан көліктердің оннан бірі ғана тіркелген",   деді Бақберген. 

Бақберген әлем елдерінің тәжірибесіне сүйеніп, мысал келтіре кетті: "Кейбір елдерде ол салық ретінде қолданылады және ол автомобиль құнының 5-10 пайызынан аспайды. Басқа мемлекеттерде ол қорғаныс шарасы ретінде пайдаланылады. Айталық, Малайзияда алымдар 30 пайыз, оның үстіне 105 пайыз салық алынады",  деді "ҚазАвтоӨнеркәсіп" ЗТБ төрағасы.

Дереккөз: tengrinews

С. Ерсін