Қауіпсіз ұшақтың "қауіпті" түрлері

Қауіпсіз ұшақтың "қауіпті" түрлері
Фото: uniqueway.com

Әуе апаты туралы естігінде көңіліміз абыржып, бойымызды қорқыныш билейді. Санаулы минутта жүздеген адамның өмірі қиылуы - жантүршігерлік оқиға. Соңғы уақытта әуе апаты жиі болады деуіңіз мүмкін. Бірақ бұл - қате пікір. Әрине, әуе көлігінің саны артып жатқандықтан апаттың да көбеюі заңдылық. Алайда статистикаға жүгінсек, керісінше қайғылы оқиғаның саны азайып келеді. Ұшақ әлі күнге ең қауіпсіз көлік түрі саналады. Алайда ұшақтың да қауіпті түрлері болады екен. Назарларыңызға ең қауіпті әуе көліктерінің тізімін ұсынамыз.

McDonnell-Douglas MD-11

Ең қауіпті ұшақтардың тізіміндегі ең қауіпсізі - McDonnell-Douglas MD-11. Сонау 2001 жылы өндірісі тоқтатылған бұл ұшақ Finnair және KLM сияқты әуе компанияларының қолданысында. Орташа алғанда 3 668 800 ұшу сағатында бір ғана McDonnell-Douglas MD-11 құлайды екен. Бірақ бұл нақты сандар емес.

Boeing 727

Ірі әуе компаниялардың басым бөлігі Boeing 727 ұшағынан бас тартқан. Ал Америкада бұл лайнер мүлдем жоқ. Бұл ұшақ түрі соңғы рет 2003 жылы апатқа ұшыраған екен. Boeing 727 лайнеріне қатысты әрбір 2 306 300 ұшу сағатында 1 әуе апаты болады.

McDonnell-Douglas DC-9

Өткен ғасырдың 80-ші жылдары өндірісі тоқтатылған McDonnell-Douglas DC-9 әлі күнге жолаушы тасымалдап жүр. Әсіресе, америкалық кішігірім әуе компанияларында жиі кездеседі. Шамамен әрбір 1 068 700 ұшу сағатында бір McDonnell-Douglas DC-9 апатқа ұшырайды екен.

Airbus A310

Әуе компаниялары Airbus A310 ұшағын пайдалануды доғарды. Өйткені бұл лайнерлер ескірді, сенімсіз, түптеп келгенде қауіпті. Бірақ бұған қарамастан кейбір Азия елдерінде Airbus A310 ұшағы әлі күнге жолаушы тасымалдап жүр. Мысалы, Pakistan International Airlines-те үш бірдей Airbus A310 бар. Ал Yemenia Airlines-ке тиесілі "эйрбас" 2009 жылы 30 маусым күні апатқа ұшыраған. Жалпы, есепке жүгінсек, шамамен 1 067 700 ұшу сағатында бір Airbus A310 құлайды екен.

Ту-154

1994 жылдан бері Ту-154 ұшағы 17 мәрте апатқа ұшыраған. 1760 жолаушының өмірі қиылды. Дегенмен бұл ұшақ түрі әлі күнге дейін ТМД елдерінде сұраныста. Қазіргі таңда аспанда дәл осындай 336 «құс» самғап ұшып жүр. Статистика жағаны ұстатады. Әрбір 1 041 000 ұшу сағатында бір Ту-154 апатқа ұшырайды.

ИЛ-76

Әлемде 247 ИЛ-76 ұшағы бар. Басым бөлігін бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған елдер қолданады. Ең алғашқы данасы 1974 жылы шыққан бұл ұшақ моделі қауіптілердің көшінде келеді. Әрбір 549 900 ұшу сағатында бір Ил-76 апатқа ұшырайды екен.

Boeing 737 JT8D

Ал ең қауіпті ұшаққа да келіп жеттік. Ұшаққа билет аларда бір тексеріп алыңыз. Boeing 737 JT8D лайнерімен сапар шегетін болсаңыз бір ойланып аларсыз, мүмкін. Өйткені, Әрбір 507 500 ұшу сағатында бір Boeing 737 JT8D апатқа ұшырайды екен. Қазіргі сәтте Еуропа одағы бұл ұшақ түрлерінің ұшуына тыйым салған. Дегенмен де әлі күнге көптеген әуе компаниялары Boeing 737 JT8D ұшағымен жолаушы тасымалдайды.

Boeing 737

10 наурыз күні Эфиопия еліндегі әуе апатынан соң Boeing 737 MAX ұшағының қауіпсіздігіне деген күдік күшейе түсті. 1970 жылдан бері Boeing 737 ұшағына қатысты 211 апат тіркеліп, 5386 жолаушы мерт болған. Қазіргі таңда Еуропаның авиациялық қауіпсіздік агенттігі (EASA) Еуропалық Одақ аумағында Boeing 737 Max ұшақтарының ұшуына тыйым салды. Сондай-ақ, Қазақстанмен қоса 28 мемлекетте Boeing 737 Max ұшақтары жолаушы тасымалдай алмайды.

©ru.tsn.ua

Бұған дейін белгілі болғандай, 256 Boeing 737 Max 8 және 737 Max 9 ұшақтарында ақау болуы мүмкін. Америкалық компанияның өндіріс кезінде жіберген қателігінен кейін ақау ұшақтың тұмсық бөлігінің иілуіне әкелетінін және мұндай кезде ұшақтың басқаруға көнбейтіні белгілі болған. 

Жан алғыш ұшақ. Неге "боинг" құлап жатыр? 

Бүгін ҚР Өндіріс және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты Азаматтық авиация комитеті Қазақстан аумағында Boeing 737 MAX ұшағының ұшуын уақытша тоқтатты. Елімізде Boeing 737 MАХ ұшағы тек SCAT компаниясында бар. 2017 жылы қазақстандық әуе тасымалдаушы Boeing компаниясымен осы типті алты ұшақты сатып алуға келісімшартқа отырған болатын. Әзірге тек бір Boeing 737 MАХ қолданыста.

Бұл деректерге қарамастан, ұшақ көліктердің ішіндегі ең қауіпсізі болып қала беретінін естен шығармаңыз. БҰҰ-ның санағы бойынша, ұшақ әрбір миллионыншы ұшып өтуде бір-ақ рет апатқа ұшырайды немесе техикалық келеңсіздіктерге тап болады. Егер мұны жай көлікпен салыстырсақ, әлдеқайда тиімдірек екенін байқайсыз. Ұшақ апатының 50% жағдайы пилот жіберген қателіктерден болады, 7%-да басқа экипаж мүшелерінің себептерінен туындайды, 22%-ы техникалық ауытқулар, 12%-ы ауа-райының қолайсыздығы, 9%-ы қасақана жасалады.

Сарапшылар ұшақ апаты кезінде бір миллион адамның тек сегізінің ғана көз жұму мүмкіндігі бар екендігін есептеп шығарды. Мысалы, егер ұшаққа фобиясы бар кісі ұшаққа мінетін болса, әуе апатына ұшырауына 21 жыл уақыты кетеді. Мамандар осы сараптамаларды негізге ала отырып, ұшақты ең қауіпсіз көлік түріне жатқызған.

1. Әуе көлігі – ең қауіпсіз көлік түрі.

2. Бүкіл дүниежүзінде әрбір 3 секундта бір ұшақ (кез келген ұшақтың түрі) жерге қонады.

3. Егер әуе апатының күндегі апатқа ұшырау мүмкіндігі 0,01% деп алатын болсақ, онда әлемде күніне кемінде 13 ұшақ апатқа ұшырайды.

4. Ұшақ әрбір ұшу кезінде міндетті түрде техникалық тексерістен өтеді.

5. Әуе апаты ешқашан өздігінен болмайды, себебі оған міндетті түрде белгілі бір сынықтардың топтасуы әсер етеді.

6. Бүкіл әлемнің 80%-нан көбі әуе қабатына шығуға қорқады, ал 5%-ы ұшудан мүлдем бас тартады. Олар ұшақтан гөрі жер, су транспорттарын жөн көреді.

7. Ұшақпен ұшудан қорқатын адамдарды «әуе фобиясы» деп атайды.

8. Ұшақ аспансеріктері жай қыздармен салыстырғанда екі есе көп ғашық болады.

9. Ұшаққа байланысты апатты жағдай болса, оның қызметкерлері бұл туралы жолаушыларға айтпайды. Тек апаттың бетін қайтару мүмкін емес болған жағдайда ғана айтуға құқылы.

А. Рысдәулет