Toyota жасаған луноход Айға ұшады

Toyota жасаған луноход Айға ұшады
Фото: hi-news.ru

Toyota компаниясы соңғы уақытта көліктерімен әлем нарығын жаулап алғандығына бәріміз куәміз. Олар Жер шарымен қанағаттанбай ғарышқа да көз салып отыр.

Toyota компаниясы енді Жапония аэроғарыш зерттеу агенттігінің (JAXA) тапсырысымен луноходтарды жасауды қолға алады. Агенттіктің ең басты талабы: Айға барған ғарышкерлер осы луноход ішінде өздерін еркін сезініп, қажет болған жағдайда скафандрын шешіп демала алатындай болуы керек.

Агенттік осындай қолайлы жағдайдың арқасында, Жер серігін зерттеушілер өздерін үйде жүргендей сезінуін қалайды. Болашақтағы Toyota луноходының көлемі екі үлкен автобус көлеміндей, іші болса 13 шаршы метр болады деп күтілуде. Онда екі ғарышкердің тұруына мүмкіндігі бар және луноход іші ғарышкерлер скафандрын шешіп, емін-еркін жүруіне жеткілікті болады. Аталған луноход Күн сәулесінен энергия алып, толық қуатпен 10 мың шақырым жолды басып өтуге мүмкіндігі бар.

Луноходты 2029 жылы Айға ұшыру жоспарланған. Алғашында ол жүргізушісіз, Ай бетін өздігінен саяхаттайды, кейін Айға ғарышкерлер келгенде, қолайлы орында оларды күтіп алады.

Дәл қазір Жапония аэроғарыш зерттеу агенттігі Рюгу астереидын зерттеуге бар күшін салып жатыр. Еске сала кетейік, "Хаябуса-2" зонды Рюгу астероидына сәтті қонып, ғалымдарға алғаш рет астероид суреті мен ол жайлы мәліметтерді жібергені туралы жазған едік.

Т. Раушанұлы