Қытайлықтар 3D принтер арқылы Айда ғимараттар салады

Қытайлықтар 3D принтер арқылы Айда ғимараттар салады
Фото: telegraph.co.u

Қытай ғарыш агенттігі инженерлері “Чанъэ-4” зонды Айдың арғы бетіне сәтті қонып, зерттеулер жүргізе бастағанына көзі жеткесін, үш өлшемді (3D) баспа технологияларын қолданып Ай бетінде база құрылысын салуды жоспарлап отыр.

Мамандардың айтуынша, Жер серігіндегі мұндай құрылыс нысаны болашақта Қызыл ғаламшарда 3D принтері көмегімен құрылыс нысандарын салу алдындағы дайындық болады екен. Яғни Айдағы құрылыс сәтті болса, оның кем-кетігін ескеріп, болашақта ғалымдар Марс бетінде қалалар салмақшы.

Қытай инжерлері Айдағы құрылысты осы жылдың соңында, “Чанъэ-5” зонды қонғаннан кейін бастайтынын мәлімдеді. Қытай сарапшылары аталған құрылыс нысандарын салу онша қымбат болмайтынын есептеп шыққан. Мысалы, Айда бір үй тұрғызу қаражаты Жерде 1 шақырым туннель қазу қаражатымен тең екен.

Еске сала кетейік, "Chang'e-4"-тің мақсаты: Айдағы зерттеу қорытындысын жинау, қандай минералдар бар екенін анықтау және құрылғыдағы луноход арқылы сол аумақты геологиялық, астрофизикалық тұрғыда зерттеу, көкөністер өсіру, сондай-ақ, Айдағы ең көп кездесетін элемент – Гелий-3-ті пайдаланып жұлдызаралық отын өндіру екенін жазған едік.

Т. Раушанұлы