Кеңседегі керек емес қағазды қайта өңдейтін құрылғы шықты

Кеңседегі керек емес қағазды қайта өңдейтін құрылғы шықты
Фото: computerra.ru

Жапонияның танымал «Epson» компаниясы кеңсеге аса қажетті құрылғы жасап шығарды. «PaperLab» деген атауға ие құрылғы кеңседе қажетке жарамай қалған қағаздарды қайта өңдеп, жылдам арада таза қалпында шығарып береді.

«PaperLab» құрылғысының көлемі 2,6 х 1,2 х 1,8 метрді құрайды. Ал қалай жасалғаны және қалай жұмыс жасайтынын «Epson» компаниясы құпия сақтап отыр. Кей ақпарат құралдарының хабарлауынша, құрылғы жоғары жылдамдықтағы жел арқылы қағаз бетіне жазылған жазуды өшіріп, соңынан арнайы химиялық элемент көмегімен өңдейтін көрінеді.

Жаңа құрылғы алдымен А4 және А3 пішініндегі парақтарды өңдейтін болып шығады. Сондай-ақ, «PaperLab» өңделетін парақтарды түрлі-түсті, отқа күймейтін және иіс шығаратын етіп те шығара алады. Оны қолданушының өзі таңдайды.

«PaperLab» 1 минутта 14 парақты өңдей алатын күшке ие екен. Орта есеппен алғанда бұл құрылғы бір жұмыс күнінде 6720 парақты қайта жаңартып бере алады.  

«Epson» компаниясының бұл құрылғысы 2016 жылы алғаш Жапониядан бастап сатылмақ. Ал бағасы қанша болатыны әзірге белгісіз қалып отыр. 

О. Сансызбай