4 сәуір – Бекзат Саттархановтың өмірге келген күні

Ақерке Әбілхан Корреспондент
4 сәуір – Бекзат Саттархановтың өмірге келген күні

Қазақтың маңдайына сыймай кеткен дүлділінің өмірден өткеніне де біраз жылдың жүзі болып қалды. Алаш елін әлемге паш еткен спортшы Бекзатты жұрт есінен шығарған емес. Оның атын тарих та жадынан өшірмейді. Ол әр қазақтың жүрегімен бірге туылады. Иә, Бекзат өлген жоқ! Ол елінің санасында, халқының жүрегінде мәңгіге тірі...

БӨЛІСУ

Қазақтың бек ұлдарының бірі Бекзат 1980 жылы 4 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласында өмірге келді. Әуесқой боксшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанға еңбек сіңірген спорт шебері атанған Бекзат 2000 жылы Сидней қаласында өткен Oлимпиадада 57 кг салмақта бақ сынасып, қоржынымызға алын салып еді.

Сиднейдегі жеңісінен кейін, оған елбасы І дәрежелі «Барыс» орденін табыс етті. Тарихта Бекзат «Барыс» орденінің тұңғыш иегері ретінде де қалды.

Жаны жайсаң, жарқын жүзді азамат 2000 жылдан әрі аса алмады. Жаңа жылдың басталуына санаулы минуттар қалғанда, Шымкент қаласы жанындағы Темірлан қаласы маңында автокөлік апатынан қаза болды.

Жиырма жылдық ғұмырында қазақтың маңдайына біткен жұлдызы болып үлгерді. Жастықтың тәтті шағын да көре алмады. Әке болып, қолына су құяр баласының да қызығына жетпей кетті.

Бекзатты өмірге әкеліп, елдің атын шығарар ер етіп тәрбиелегені үшін әкесі Сейілхан мен анасы Сырлыкүлге айтар алғысымыз шексіз.

Жақында қазақ киносы Бекзат рухына арналған тағы бір кинотуындымен толығады. 

Тым аз болса да, Бекзаттың ғұмыры текке өтпеді. Оның ізін жалғастырар кішкентай Бекзаттар өсіп келеді. Бекзаттың өмірге келген күні тек оның отбасының ғана атаулы күні емес. «Бұл күні қазақтың ұлы дүниеге келген» деп бәріміз біліп жүргеніміз абзал. 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: tengrinews.kz