Денис Тен: «Мен Қазақстанның нағыз патриотымын»

Ардақ Құлтай Корреспондент
Денис Тен: «Мен Қазақстанның нағыз патриотымын»

11-17 наурыз аралығында Канаданың Лондон қаласында мәнерлеп сырғанаудан Әлем чемпионаты өткен болатын. Бұл дүбірлі додада Қазақстан намысын Денис Тен қорғады. 7- қысқы Азия ойындарының чемпионы мұхиттың арғы жағында өте сәтті өнер көрсетіп, мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан тарихынды тұңғыш рет күміс медаль иеленді. Ал бүгінде Денис Қазақстанда, демалысқа келген. Осы орайды пайдаланып біз Денис Тенмен сұхбаттасқан едік.

БӨЛІСУ

Алдымен барлықтарыңзға алғысымды айтқым келеді. Мен үшін Канададағы Әлем біріншілігі өте сәтті аяқталды. Мен бұл медаль үшін өте көп қажырлы еңбек еттім. Бұл мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан тарихындағы тұңғыш жүлде. Бұл тек менің ғана жеңісім емес, бұл менің кішігірім командамның жеңісі. Сондақ-ақ, бұл қазақ халқының жеңісі. Мен Наурыз мерекесіне жақсы сыйлық жасадым деп ойлаймын – деп бастады әңгімесін Денис.

- Денис Юрьевич, медаліңіз қайда?

- Мен ұмытып кеттіппін ғой. Міне, менің медальім. Оны өзіммен алып жүрмін.  

- Бұл маусым сіз үшін өте ауыр болды. Құпия болмаса Әлем біріншілігіне қалай дайындалдыңыз? Бұл жарыстың алдында жарақат алдыңыз. Осы туралы айтып берсеңіз...

- Бұл маусым шынымен де оңай болған жоқ. Жарақаттарды жиі алдым. Барлық жарыстарда менің денсаулығым 100 пайыз  жақсы болды деп айта алмаймын. Бұл тек Әлем біріншілігіне дайындығымды қиындатты. Себебі, бұл Олимпиада алдындағы маусым. Барлық спорт Олимпиада алдындағы маусымда көп қобалжиды. Жарақат алады. Бұл жағдай да мені айналып өткен жоқ. Дегенмен, мен әр жарыс сайын АҚШ-қа оралып, жаттығуларымды жалғастыра бердім. Бапкерім маған әрдайым "Сенің басты мақсатың – Әлем біріншілігінде сәтті өнер көрсету" деп әрдайым құлағыма құйып тұрды. Бапкерімнің арқасында мен Әлем чемпионатына өте керемет дайындықпен келдім. Төрт құрлықтың біріншілігі өткен соң мен өз өмірімді түбегейлі өзгерттім. Жаттығу уақыттарын ұзарттым. Тамақтану, физикалық дайындықтың барлығын да өзгерттім. Сол үшін де Лондонда күміс жүлдеге қол жеткіздім деп ойлаймын.  

- Сізге қандай бағдарламада өнер көрсеткен ыңғайлы. Еркін бағдарламада ма, әлде арнайы бағдарламада ма?

- Негізі мен мынау бағдарлама оңай, мынау қиын деп айта алмаймын. Жаттығу барысында барлық жағдайға дайындаласың. Ал мұзға шыққанда менің ойым тек сәтті өнер көрсету.

- Бүгінде көптеген БАҚ өкілдері Әлем біріншілігіндегі алтынды сізге беру керек, Патрик Чанга төрешілердің бүйірі бұрып кетті деп жатыр. Тіпті, АҚШ-тың белгілі спорт тілшісі Моника Фридлэндер алтын медальді сізге қайтарсын деген арнайы дауыс жинап жүр. Бұл жағдайға сіздің пікіріңіз қандай?

- Білесіз бе, менің жұмысым болған жағдайға пікір айту емес. Менің жұмысым мұз айдынға шығып, жақсы өнер көрсету. Мен күміс жүлде алғаным үшін де өте қуаныштымын. Өйткені, біздің елде мәнерлеп сырғанау спорты әлі де болса қатты дамымаған. Ал Әлем біріншілігінде топ жару үшін бірнеше жыл бойы өз еліңді таныстырып, өзіңді қалыптастыру керексің. Мені де төрешілер тануы үшін бірнеше жыл кетті. Мен сізге бір жағдайды айтып берейін. Жастар арасында өнер көрсетіп жүргенімде көптеген адамдар менен Қазақстан қай жерде деген сұрақтар қоятын. Ешкім де білмейтін біздің елді. Бұл жәйт менің намысыма қатты тиетін. Бірақ, мен оларға Қазақстанның қандай ғажап ел екенін жиі айтып жүремін. Беларусияда мен алғашқы рет жастар арасындағы Әлем біріншілігінде топ жарғанымда, бір адам «картада жоқ мемлекеттің спортшысы бірінші орын алды» деген болатын. Дәл осы кезде менің көзімнен жас шығып кетті де. Сол уақыттан бастап мен өз-өзіме Қазақстанды барша жер жаһанға танытамын деген мақсат қойдым. Сол уақыттан бері мен тынбай еңбектеніп келе жатырмын.

- Денис, сіздің Азия ойындарында чемпион болғаннан соң, енді міне Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған соң біздің елде мәнерлеп сырғанауға көңіл бөліне бастады ма?

- Көптеген жарыстарға бапкерім, анам және мен үшеуміз ғана барамыз. Ал бұл спорты дамыған елдерге қарайтын болсаңыздар, әрбір жарысқа сол елдің көптеген делегациясы келеді. Бізде өкінішке орай ондай мүмкіндік жоқ. Дегенмен, мәнерлеп сырғанауға келгісі келетін балардың саны артып жатыр. Мен желтоқсан айында жастарға арнап Астанада мастер-класс ұйымдастырдым. Ол жиынға мен ойлағаннан 4-5 есе көп адам жиналды. Бұл дегеніміз, елімізде мәнерлеп сырғанауға қатысқысы келетін адамдардың саны артып жатыр деген сөз.

- Соңғы сұрағым, сізге осыдан бірнеше жыл бұрын Ресей елі өздеріне шақырған болатын. Ал Әлем чемпионатында күміс алған соң мұндай ұсыныстар тағы да түсті ме? Егер түссе, сіз ол ұсыныстарды қарастырасыз ба?

- Осыдан бірнеше жыл бұрын Ресейдің шақыртқаны туралы әңгіме болған болатын. Бірақ, ол жақтан ресми хат келмеді. Ал Әлем біріншілігінен соң да тағы ұсыныстар болды. Бірақ, мен сіздерге айтайын, мен Қазақстаннан ешқайда кетпеймін. Мен Қазақстанның нағыз патриотымын!

- Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан: Уалихан ҚОСАНБАЙ

Суретті тусірген: Нұрғиса Елеубеков