Какау: «Команданың құрамы толық жасақталған»

Какау: «Команданың құрамы толық жасақталған»

Кеше «Қайрат» шағын футбол командасының су жаңа бас бапкері Какауды клуб жетекшілері жанкүйерлермен ресми түрде таныстырды. Бір қызығы бұл бапкер осыдан төрт жыл бұрын «Қайрат» сапында шағын футболдан УЕФА Кубогінің қола жүлдесін жеңіп алған болатын. Енді Какау командаға қайта келіп, алматылық команданың басты мақсаты саналатын УЕФА Кубогіне бапкер ретінде таласатын болады.

— Какау мырза, «Қайратқа» екінші рет қош келдіңіз. Алматыға қайта келгендегі бірінші әсеріңіз қандай болды?

— Көп рақмет. Өзімнің спорттық ғұмырымдағы ең керемет шақтарымды өткізген «Қайрат» командасына оралғаныма өте қуаныштымын. Мені бапкер ретінде шақыртқан клуб жетекшілеріне де алғысымды білдіргім келеді. Команда ішіндегі жүйеде аса үлкен өзгеріс орын алған жоқ екен. Жаттығу базамыз сол баяғы Горький саябағының қасында. Мен оны жақсы білемін. Сондықтан командамен тіл табысу қиынға соқпайтын шығар.

— Команданың ойындарын тамашалап үлгердіңіз. Клуб сапында қандай өзгерістер орын алатынын жоспарлап қойған шығарсыз?

— Ия, клубтың ойынын тамашаладым. Новосібірде «Сибиряк» командасына қарсы өткізген жолдастық кездесудегі ұжымның ойыны ұнады. Футболшылар бір-бірін тамаша түсіне біледі. Ішкі біріншілікте «Тайпақ» пен «БТА-Футзал» командаларына қарсы өткізген ойындарда мен жергілікті ойыншылардың шеберлігін байқадым. Қазақстандық ойыншылар да көңілімнен шықты десе болады. Команданың құрамы толық жасақталған. Дегенмен бір-екі кемшілік бар, жаттығу барысында сол кемшіліктермен жұмыс істейтін боламыз.

— Клуб сапынан қай ойыншыны ерекше атап өте аласыз?

— «Қайратқа» өзі ісінің нағыз шеберлері жиналған. Сондықтан маған бір ойыншыны жеке-дара бөліп айту қиындау болады. Негізінен команданың сөзсіз көшбасшысы Жоан және ұжымның капитаны – Сүлейменовті атауға болады. Екеуі де өте шебер ойыншылар. Керек кезінде команданы жігерлендіріп тұрады. Сонымен қатар командада өте тәжірибелі ойыншылар да жетерлік. Мен қазір анау ойыншы нашар, мынау мықты деп айтқым келмейді. Футзалда да үлкен футбол секілді әрбір ойыншы команданың жетістігі үшін ойнайды. Мен мүмкіндігінше «Жұлдыз ойыншы» емес «Жұлдыз команда» жасауға бар күшімді жұмсайтын боламын.

— Бапкерлер қосынында сізден өзге қандай мамандар жұмыс жасайды?

— Бүгінде команда сапында өте білікті Маркао есімді бапкер жұмыс істейді. Сонымен қатар қазақстандық бірнеше мамандар жұмыс істейді.

— Командаға жаңа бапкер келгендіктен, жаңа мақсаттар қойылатыны анық. Сіз командаға қандай мақсаттармен келдіңіз?

— Бірінші, ел біріншілігін жеңу. Екінші, УЕФА Кубогінің «Төртеудің финалында» сәтті өнер көрсету.

— Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Уалихан Қосанбай

Сурет: tengrinews.kz,sports.kz,vesti.kz

Ю. НИКУЛЛИН