Иван Дычко: «Әлем Чемпионатында топ жарсам деймін»

ЮРИЙ НИКУЛЛИН Корреспондент
Иван Дычко: «Әлем Чемпионатында топ жарсам деймін»

Ертең Астананың “Дәулет” спорт кешенінде Әзірбайжан, Украина, Өзбекстан және Қазақстан құрамалары арасында бокстан дәстүрге айналған “Үздік төрттіктің” бейресми жарысы өтеді. Осы жарыс алдында Массагет порталының тілшісіне бокстан Қазақстан Ұлттық құрамасының боксшысы, Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Иван Дычко сұхбат берген еді.

БӨЛІСУ

—  Иван, алдағы “Үздік төртеудің” додасына дайындығыңыз қалай?

—  Дайындығым жақсы. Әдеттегідей қалыпта дайындалып жатырмын. Дегенмен ринг төріне шықпағаныма біраз уақыт болып қалыпты. Сондықтан маған ертең шамалы қиындау болатын шығар. Әрбір қарсыласымды мұқият зерттейтін боламын. Құрама сапындағы жігіттер де жатпай-тұрмай дайындықтарын пысықтауда. “Үздік төртеудің” турнирінде жеңіске жетеміз деген ойдамын.

   Жалпы жаңа маусымға дайындықты қашан бастадыңыздар? 

—  Мен Лондон Олимпиадасынан кейін ұзақ дем алдым. Көп уақытымды отбасыммен бірге өткіздім. Дегенмен қолым қалт еткен сәтте өзімнің физикалық күшімді қалыпта сақтау үшін спортзалдарға барып тұрдым. Ал жаңа маусымға дайындықты жылдың басында бастадық. Бүгінде Астанада дайындалып жатырмыз.

—  Жаңа жылдың басында бокстан Ұлттық құраманың капитаны анықталды. Жаңа капитанды қалай таңдадыңыздар?

— Лондон Олимпиадасының чемпионы, Баркер кубогінің иегері Серік Сәпиев спортпен қош айтысқан соң, бізге жаңа капитан таңдау керек болды. Біз ұжыммен жиналып, бір ауыздан Данияр Елеусіновті капитан деп таңдадық. Бұл атақты Данияр алдағы уақытта абыроймен атқаратынына сенімдімін.

— Соңғы уақыттарда сіз WSB сериясында еліміздің намысын қорғайтын «Астана Арланс» командасында өнер көрсететін болды деген әңгіме шықты. Расында да елордалық бұл кәсіпқой бокс командасының сапында өнер көрсететін болдыңыз ба? 

—  Мен «Астана Арланс» командасымен ресми келісім-шарт жасасқан жоқпын. Мүмкін бұл команда сапында алдағы уақытта бір-екі кездесу өткізетін шығармын.

— Осы жылдан бастап әуесқой боксшылар бас киімін шешіп жұдырықтасатын болды. Сізге бас киімсіз жұдырықтасу ыңғайлы бола ма?

—  Мен әлі де болса шлемсіз жұдырықтасқан жоқпын. Меніңше, бас киімсіз жұдырықтасу ыңғайлы болады. Дегенмен денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіретіні де жасырын емес.

— 2013 жылы алдыңызға қандай мақсаттар қойдыңыз?

— Ең бірінші мақсатым өзімнің физикалық күшімді қалпына келтіріп, елімізде өтетін Әлем Чемпионатында топ жарсам деймін.

— Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан: Уалихан Қосанбай

Cурет: tengrinews.kz, kursiv.kz, sports.kz