Данияр Елеусінов: «Капитан болу жауапкершілікті екі есе арттырады»

Данияр Елеусінов: «Капитан болу жауапкершілікті екі есе арттырады»

14 және 17 ақпан аралығында елордамыз Астана қаласында Украина, Әзірбайжан, Өзбекстан және Қазақстан бокс құрамаларының қатысуымен «Үздік төрттіктің» дәстүрлі турнирі өтетін болады. Жекпе-жек Астананың «Дәулет» спорт кешенінде өтеді. Дәл осы турнир басталар алдында біз бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа капитаны Данияр Елеусіновты әңгімеге тартып, сұхбаттасқан болатынбыз.

— Данияр, Украина, Әзірбайжан, Өзбекстан командаларына қарсы өткізетін кездесулерге дайындықтарыңыз қалай өтуде?

— Дайындық әдеттегідей өтуде. Бапкерлер арнайы кесте дайындаған, сол бойынша дайындалып жатырмыз. Бүгінде алдағы қарсыластарымыздың мықты және осал тұстарын зерттеп, оларға қарсы қалай жұдырықтасу керек екендігін пысықтап жатырмыз.

«Үздік төртеудің» турниріне қатысатын қарсыластарыңыз туралы айтып берсеңіз...  

— Астанаға боксы өте мықты дамыған елдің спортшылары келді. Өзбекстанның әуесқой боксы өте қарқынды дамыған. Әзірбайжан командасы әрбір дүбірлі додада жоғары сатылардан көрініп келеді. Украина командасына келетін болсақ, бүгінгі таңда бұл елдің әуесқой боксы басқа елдерге қарағанда әлдеқайда дамып кеткен. Жалпылай айтатын болсақ, елордамызға келген қарсыластарымыздың арасында осалы жоқ. Дегенмен, біз бұл турнирде өзіміздің барлық күшімізді паш етіп, жеңіске жетеміз деген сенімдеміз.

—  Жаңа жылдың басында сіз бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны атандыңыз. Дүбірлі додаға ұлттық құраманы капитандық міндетте алып шығу оңайға соқпайтын шығар?

— Әрине, бокстан Қазақстан Ұлттық құрамасының капитаны болу жауапкершілікті екі есе арттырады. Бірақ, бапкерлер және боксшылар сеніп тапсырған бұл міндетті мен абыроймен атқарамын деген ойдамын.

— Жуырда Серік Сәпиев өзінің спорттық ғұмырын аяқтады. Бүгінде сіздер енді жаттығуларыңызды Серіксіз өткізіп жатырсыздар. Команда ішінде Сәпиевтің жоқтығы білініп тұра ма?

— Серіктің жоқтығы қатты білініп тұрмайды. Өйткені, ол біздің жаттығуларға жиі келіп қатысады.  

— Алдағы өтетін кездесулерді бас киімсіз өткізеді екенсіздер. Қалай ойлайсыз, әуесқой бокста расында шлемсіз бокстасқан дұрыс па?

— Меніңше, бас киіммен бокстасқан қауіпсіздеу. Дегенмен АИБА шлемсіз бокстасу туралы заңын енгізіп те үлгерді. Сондықтан енді біз алдағы жарыстардың барлығында дерлік бас киімсіз жұдырықтасатын боламыз. Шлемсіз жұдырықтасу жанкүйерлерге де өте қызық болады.

— Естуімізше, сіз жаңа маусымнан бастап 69 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін болыпсыз. Жаңа салмаққа бой үйретіп үлгердіңіз бе?

— Жаңа салмақта мен өз-өзіме өте сенімдімін. Негізінен менің табиғи салмағым 67-69 келінің маңайында ғой. Лондонда біршама салмақ қуып өнер көрсеттім. Сол себепті біраз физикалық күштен айырылып та қалған болатынмын. Енді жаңа салмақта мен өзімнің спорттық ғұмырымдағы ең жоғарғы нәтижелерге қол жеткіземін деп ойлаймын.

— Данияр, кәсіпқой боксқа өту туралы ойланбадыңыз ба?

— Жоқ. Әзірге ол туралы ойламадым. Себебі мен бокстан Ұлттық құрама сапында өнер көрсетемін. Дегенмен, алдағы уақытта кәсіпқой боксқа өту туралы ойлануым да ғажап емес.

—  Лондонда өткен ХХХ жазғы Олимпиада ойындары барысында сіз ширек финалда сүріндіңіз. Дәл осы сәтсіздік психологиялық тұрғыдан сізге ауыр тимеді ме?

— Олимпиада ойындарында өнер көрсету әрбір спортшының басты арманы! Мен үшін Лондонда Қазақстанның атын қорғау үлкен мәртебе болды. Ширек финалда сүрінген сәтімді әлі де есімнен шығарған жоқпын. Ол менің өмірімдегі ең сәтсіз кезеңдердің бірі. Бірақ, ол сәтсіздікпен өмір тоқтап қалмайды ғой. Алда әлі алар асуым көп деп білемін.

— 2012 жыл сіз үшін сәтті болды деуге келе ме?

— Егер Лондонда жеңілгенімді есепке алатын болсақ, онда сәтсіздеу болады. Дейтұрғанымен, Олимпиада ойындарына қатысуымның өзін бір үлкен сәттілікпен теңеуге болатын шығар.

— 2013 жылға алдыңызға қандай мақсаттар қойдыңыз?

—  Мен өзімнің алдыма тек жоғары мақсаттар қоямын. Азия және Әлем біріншілігін жеңіп алсам деген ниетім бар.

— Әңгімеңізге рақмет! Ниетіңізге жетуіңізге тілектеспіз!

Сұхбаттасқан: Уалихан Қосанбай

Сурет: vesti.kz, tengrinews.kz, prosportkz.kz

Ю. НИКУЛЛИН