"Канело" Головкинмен қыркүйекте жұдырықтасқысы келмейді

"Канело" Головкинмен қыркүйекте жұдырықтасқысы келмейді
Фото: cnet.com

Орта салмақта үші бірдей чемпиондық атаққа (WBC, WBA (Super) және IBF) ие мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альварес (52-1-2, 35 КО) келесі жекпе-жегін қыркүйек айында өткізуі мүмкін. Бірақ отандасымыз Геннадий Головкинмен (38-1-1, 34 КО) жұдырықтасқысы келмейді.

Мексикалық боксшының жаттықтырушысы Эдди Рейносо LA Times басылымына берген сұқбатында келесі қарсыласы жайлы GGG болмайтынын айтқан.

"Канело" 4 мамыр күні Лас-Вегаста америкалық Дэниэл Джейкобспен жұдырықтасты. Жекпе-жек 12 раундқа созылып, қарсыласын төрешілер шешімі бойынша айқын ұтып шықты. Өзінде бар екі бірдей чемпиондық белбеуді қорғап, Джейкобстың IBF чемпиондық атағын да жеңіп алды. Бұл жекпе-жек Гена жаңа жаттықтырушысымен бірге арнайы барып тамашалады.

Жекпе-жек соңынан өткен баспасөз жиыны кезінде Сауль Альварес қазақстандық боксшы жайлы, үшінші жекпе-жек жайлы тіс жармады. Жаттықтырушысы қыркүйек айында Мексика халқының тәуелсіздік мерекесі қарсаңына келесі жекпе-жектерін жоспарлап отырғандарын айтты.

- Менің мақсатым - чемпиондық атақ үшін жұдырықтасу, - дейді Альварес. Ол орта салмақта абсолютті әлем чемпионы атанғысы келеді. Оған жетпей тұрғаны - WBO чемпиондық белбеуі. Ол белбеудің қазіргі иесі - Деметриус Андраде. 29 маусым күні ол өз атағын Мацей Сулецкийге қарсы жекпе-жекте қорғауы керек. Альварес қыркүйекте осы боксшылардың жеңгенімен жұдырықтасқысы келеді.

"Канело" Генаны кезекті рет жеңетініне сенімді. Сондай-ақ өзіндік талабын да қоюда. Мексикалық боксшы отандасымызбен чемпиондық атағы болса ғана жекпе-жекке келіспек.

Айта кетейік, Геннадий Головкин мен Сауль "Канело" Альварес өзара екі жекпе-жек өткізді. 2017 жылдың қыркүйегінде өткен алғашқы жекпе-жекте тең есеп тіркелсе, араға 1 жыл сала екі боксшы тағы да шаршы алаңда жолықты. Бұл жолы мексикалық боксшы төрешілер шешімі бойынша жеңіп, Генаны WBC, WBA (Super) және IBO чемпиондық атақтарынан айырды.

GGG 8 маусым күні шаршы алаңға оралады. Нью-Йоркте канадалық боксшы Стив Роллспен (19-0, 10 КО) жұдырықтасады.

Ө. Сансызбай