Әлем біріншілігінен самбошыларымыз олжалы оралды

Әлем біріншілігінен самбошыларымыз олжалы оралды

Беларусь астанасы Минскіде самбодан XXXVI Әлем чемпионаты аяқталды. Қазақ елінің самбошылары әлемде алдыңғы қатарда тұр. Сол себептен осы Минскі боз кілемінде жерлестерімізді төрешілер белден басты. Алтын алмасақ та, қоржынымыз күміс пен қолаға толды.

Алғашқы төрешілердің әділетсіздігіне 52 келі салмақтағы Медет Оңдағанов пен беларусь Андрей Курлыпа арасындағы жартылай финалдық белдесуде тап болдық. Аяғын әрең басып жүрген кілем иесін төрешілер финалға шығарып жіберді. Артынша беларусь жігіті жерлестерінің алдында масқара болып жеңілгенше, кілемге шықпаймын деп белдесуден бас тарты. Ал екінші күні төрт дүркін әлем чемпионы деген атағы бар жерлесіміз Ерболат Байбатыровты Әзірбайжан балуанына жеңіп берді. Әдісін есептемей сылбыр күрестің деп ескерту беріп, жалғыз ұпаймен ұтқызып жіберді. Өз жеңісіне өзі сенбеген әзірбайжандық Ислам Гасимов аңырап тұрып қалды. Өйткені ол үш жыл қатарынан Ерболаттан ұтылып келген. Ал Ерболат өз кезегінде қола медаль жолында иемендікті, одан кейін армиян Вахан Варданянды таза ұтып, қола медальді місе тұтты.

«Өзім де қателікке бой алдырдым. Ертерек қимылдауым керек еді. Бірақ төрешілер бір ұпайымды бермей қойды. Әзірбайжандық күреспей кілемде жатып алды. Бірақ оны төрешілер елеп-ескерген де жоқ. Керісінше маған ескерту берді», - дейді Ерболат Байбатыров.

Биыл өз бағын 68 келіде сынап көрген әлем чемпионы Азамат Мұқанов алғашқы айналымда орыс балуанына есе жіберіп, қола жүлде үшін болған кездесулерде алдымен малайзиялық қарсыласын айқын басымдылықпен ұтса, артынша грузиялық самбошыны да таза жеңіді. Үшінші орын үшін болған кездесуде украиналық қарсыласын тізе бүктіріп, қола медальға қол созды. Сол секілді 62 келіде Бағдат Жарылғасов та қола алған.

«Жеребе жолдас болмады. 68 келіде бірінші мәрте бақ сынап тұрмын. Келер жылы алтын аламын деп уәде беремін», -дейді Самбодан әлем чемпионатының қола жүлдегері Азамат Мұқанов.

74 келі салмақтағы Асылбек Әлкей күміспен күптелді. Өте тәжірибелі балуан аянып қалған жоқ. Тек жарақты болмағанда өз жанкүйерлерін бір қуантатын еді. Финалға дейін өте тартысты болған кездесуде Грузин және Әзірбайжан балуандарын айқын басымдылықпен ұтты. Ал финалда орыс балуанына жол берді.

«Үш мәрте жеңіс тұғырында болып, қола жүлдеге қол созған едім. Енді міне, алтынға бір табан жақын қалдым. Амал бар ма, жарақатымның салдарынан бір аяғыммен күресіп шықтым», - дейді Самбодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Асылбек Әлкей.

Самбо универсиада бағдарламасына енгеннен бері қарай бәсекелестік тым жоғары. Оны осы әлем чемпионатынан анық аңғардық. Кәріқұрлық өкілдері де самбоға ерекше ықылас танытып отыр. Осы сынға 64 елдің самбошылары келіпті. Қыздарымыздың ішінен 72 келі салмақта Қалжан Тайжанова күміс, ал 48 келіде Кенжезару Қашқынова қола медаль алды.

Соңғы жарыс күні әскери самбодан астаналық спортшы Алмат Сүлейменов чемпион атағына ие болды! Ол 52 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарын шақ келтірмей өз бапкерін де қуантты. Естеріңізге салып өтсек, оның жеке жаттықтырушысы ҚР еңбегі сіңген бапкер, ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Асылбек Қакенов.

Мүсілім Оңдағанов, ҚР самбо федерациясының президенті: 

2014 жылы Қазақстанда, оның ішінде Оралда әлем чемпионатын қабылдайтын болдық. Халықаралық самбо федерациясы бізге ерекше ықылас танытып отыр. Ендігі мақсат келер жылы универсиадада айтарлықтай табысқа қол жеткізуге тиіспіз. Бүгіннен бастап сол сынға дайындықты бастаймыз. Ұлттық құрама сапы келер жылы Астанада өтетін ел чемпионатынан кейін жасақталатын болады.

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: Жеке мұрағаттан

Ю. НИКУЛЛИН