Қазақ футболшысы Еуропада доп теуіп жүр

Қазақ футболшысы Еуропада доп теуіп жүр
Фото: fcstumbras.lt

Қазақстандық жас футболшы Демият Сламбеков Литва чемпионатына ауысты. Тіпті, жаңа командасының сапында алғашқы ойында гол соқты.

22 жастағы жартылай қорғаушы "Оле Бразил" футбол академиясының түлегі. Қазақстан жастар құрамасының сапында өнер көрсеткен. Демият бұған дейін отандық командаларда доп тепкен. Соңғы төрт жыл бойы "Бәйтерек", "Оқжетпес" және "Жетісу" секілді клубтарда ойнаған.

Литваның жоғары дивизионында бақ сынайтын "Стумбрас" клубы қазақстандық футболшының қатарға қосылғанын күні кеше жариялады. Демият Сламбеков жаңа клубының жастар командасы сапында Литва 1 лигасы аясында өткен "Вилниусқа" қарсы матчтың (3:2) екінші таймында алаңға шығып, 84-ші минутта гол соқты. Осылайша, командасынан жеңілістен аман сақтап қалды.

- "Стумбрас" командасының сапына қосылғаныма қуаныштымын. Бұл клубта жеңімпаздар рухын сезінемін. Команда ішіндегі көңіл-күй керемет. Клубымның жетістікке жетуіне үлесімді қоссам деймін. "Стэмбл" отбасы мені жақсы қарсы алды.

Өзімді жақсы жағымнан көрсетіп, жоғары нәтижеге қол жеткізгім келеді. Күн өткен сайын мықты болуды алдыма мақсат еттім, - дейді Демият Сламбеков клубтың баспасөз қызметіне.

Демият футболшылар отбасында туған. Оның әкесі Қайрат Сламбеков кезінде "Қайраттың" жейдесінде алаңға шығып, Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғаған. Ал белгілі немістің TransferMarkt сайты қазақстандық футболшының нарықтағы құнын 75 мың еуроға теңеген.

А. Рысдәулет