Шахматтан командалық әлем чемпионатында қазақ қыздары 5-орын алды

Шахматтан командалық әлем чемпионатында қазақ қыздары 5-орын алды
Фото: wteams.astana2019.fide.com

Шахматтан Қазақстан қыздар құрамасы командалық әлем чемпионатында алғаш рет 5-орыннан көрінді, - деп хабарлайды "Қазақстан шахмат федерациясы" республикалық қоғамдық бірлестігі.

Күні кеше жарыстың тоғызыншы туры өтіп, Қазақстан қыздар құрамасы бесінші орынға ие болды. Қыздар арасындағы сайысқа әлемнің 10 үздік құрамасы қатысты. Бұрымды аруларымыз 9 турдың нәтижесі бойынша Үндістан, АҚШ, Армения, Венгрия мен Египет елі құрамаларынан басым болды.

Бесінші орыннан Қазақстанмен бірдей ұпай көрсеткіші бар, қосымша көрсеткіші жоғары саналған Үндістан құрамасы үмітті еді. Алайда соңғы турда жарыстың аутсайдері саналған мажар қыздары Үндістанға қарсы ойында ұпай алып, тең түсті. Нәтижесінде Қазақстан қыздар құрамасына бесінші орын бұйырды.

Қазақстан құрамасы сапында Жансая Әбдумәлік, Динара Сәдуақасова, Бибісара Асаубаева, Гүлісхан Нахбаева және Гүлмира Дәулетова ойнады.

Әйелдер құрамасының нәтижелері:

1 орын – Қытай;
2 орын – Ресей;
3 орын – Грузия;
4 орын – Украина;
5 орын – Қазақстан;
6 орын – Үндістан;
7 орын – АҚШ;
8 орын – Армения;
9 орын – Венгрия;
10 орын – Египет.

Қазақстан ерлер құрамасы соңғы турда Қытайдан келген шахматшылармен кездесті. Табан тірескен ойында қарсыластары 1,5:2,5 есебімен ұтып кетті.

Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан ерлер құрамасы 10 команда ішінде 8-орын алды. Біздің құрама сапында Ринат Жұмабаев, Әнуар Исмағамбетов, Муртас Қажғалиев, Денис Махнев және Петр Костенко ойнады.

Қазақстан құрамасы жалпы есепте Швеция мен Египеттен ғана алда болды.

1 орын - Ресей;
2 орын - Ұлыбритания;
3 орын - Қытай;
4 орын - Үндістан;
5 орын - АҚШ;
6 орын - Иран;
7 орын – Әзербайжан;
8 орын – Қазақстан;
9 орын – Швеция;
10 орын – Египет.

Ө. Сансызбай