Чемпиондар лигасының 1/4 финалына шыққан барлық команда белгілі болды

Чемпиондар лигасының 1/4 финалына шыққан барлық команда белгілі болды
Фото: uefa.com

Футболдан Чемпиондар лигасының ширек финалына шыққан барлық команда белгілі болды. Соңғы болып "Ливерпуль" (Англия) мен "Барселона" (Испания) жолдама алды.

"Бавария" (Германия) - "Ливерпуль" (Англия) 1:3

Мюнхенде өткен ойында ағылшындық клубтың асығы алшысынан түсті. Юрген Клопп жаттықтыратын "Ливерпуль" алаң иелерін айқын ұтты.

26 минутта Садио Мане есеп ашты. 39 минутта Жоэль Матип өз қақпасына гол соғып алғаннан кейін есеп теңесті.

Екінші таймда "Ливерпуль" алаң иелерін қақпасына екі гол соғып, жеңіске бастар жолды тапты. 69 минутта қорғаушы Вирджил ван Дейк бұрыштамадан асырылған допқа бірінші жетіп, командасын алға шығарды. Ал 84 минутта Мұхаммед Салахтың тамаша пасынан кейін Садио Мане дубль жасады.


Екі команда арасындағы бірінші ойын 0:0 есебімен аяқталған болатын. Қарымта ойын қорытындысы бойынша "Ливерпуль" ширек финалға шықты.

"Барселона" (Испания) - "Лион" (Франция) 5:1

Каталондық клуб өз алаңында Франциядан келген команданы ойсырата ұтты. Ойында Лионель Месси айрықша шеберлігімен көзге түсті. Екі гол соғып, екі нәтижелі пас берді.

"Барселона" сапынан Мессиден өзге Фелипе Коутиньо (31 минут), Жерар Пике (81 минут) және Усман Дембеле (86 минут) бір-бір голдан соқты. Ал "Лионның" бір голын 58 минутта Люк Тузар соқты.

Бұл екі команда арасындағы бірінші ойын 0:0 болған. "Камп Ноудағы" жеңістен кейін "блауграна" 1/4 финалға өтті.


Чемпиондар лигасының ширек финалына шыққан барлық команда белгілі болды. Осыған дейін "Аякс" (Нидерланд), "Порту" (Португалия), "Тоттенхэм" (Англия), "Манчестер Юнайтед" (Англия), "Ювентус" (Италия), "Манчестер Сити" (Англия) командалары жолдама алған еді.

Ширек финал мен жартылай финалдың жеребе тарту рәсімі ертең өтеді. Салтанатты шара Астана уақытымен сағат 17:00-де басталады. Бұл кезеңде бір елдің командалары бір-біріне қарсылас атануы бек мүмкін.

1/4 финалдың бірінші ойындары 9-10 сәуір күндері өтеді. Қарымта ойындары араға бір апта салып жалғасады.

Соңғы рет Чемпиондар лигасын 3 жыл қатарынан Мадридтің "Реалы" ұтты. Алайда осы маусымда "корольдік клуб" қарымта ойында "Аякстан" ұтылып, жарысты аяқтады.

2018/2019 жылғы маусымдағы Чемпиондар лигасының финалы 1 маусым күні Мадридтегі "Метрополитано" стадионында өтеді. 

Ө. Сансызбай