Қазақстандық киберспорт командасы беделді турнирге шақырту алды

Айбар Рысдәулет Корреспондент
Қазақстандық киберспорт командасы беделді турнирге шақырту алды
Фото ©️ TechTudo

Қазақстандық AVANGAR командасы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін DreamHack Rio de Janeiro 2019 турниріне шақырту алды.

БӨЛІСУ

Counter-Strike: Global Offensive (CS:GO) ойыны бойынша өтетін халықаралық турнирге қазақстандық AVANGAR ұжымынан бөлек Luminosity Gaming, FURIA eSports және Sharks Esports командалары шақыртылған. Тағы екі команда Оңтүстік және Солтүстік Американың іріктеуінен кейін белгілі болады.

Сәуір айының 19-21 күндері аралығында өтетін DreamHack Rio de Janeiro 2019 турнирінің жүлде қоры $100 000 құрайды.

Бұған дейін AVANGAR командасы жүлде қоры 1 миллион АҚШ долларын құрайтын Katowice Major халықаралық турнирінің плей-офф кезеңіне бір қадам жерден тоқтаған болатын. Аталмыш жарыстан соң қазақстандық ұжым әлем рейтингінде 3 сатыға көтеріліп, 13-орынға жайғасты. Көш басында даниялық Astralis командасы. Екінші сатыға Liquid ұжымы орналасқан. Ал үздік үштікті украиналық Natus Vincere командасы түйіндеп тұр.

AVANGAR командасында төрт қазақстандық ойыншы өнер көрсетеді. Атап айтқанда: Тимур Төлепов, Айдын Тұрлыбеков, Алексей Голубев және Бектияр Бақытов. Ал команданың капитаны - ресейлік ойыншы Али Джами.

AVANGAR - 2016 жылы Қазақстанда құрылған бұл ұйымда танымал Counter-Strike:Global Offensive және PlayerUnknown's Battleground ойындарынан сынға түсетін командалар бар. Бұл ұйымның жігіттері екі ойыннан да жақсы нәтижелерге жетті.