AVANGAR әлем рейтингінде үздік 15 команданың қатарына енді

AVANGAR әлем рейтингінде үздік 15 команданың қатарына енді
Фото: hltv.org

Қазақстандық AVANGAR киберспорт командасы әлемдік рейтингтегі жағдайын жақсартты.

AVANGAR-дың CS:GO ойынынан командасы HLTV  рейтингінде 3 сатыға көтеріліп 13-орынға жайғасқан. Көш басында даниялық "Astralis" командасы. Екінші сатыға Liquid ұжымы орналасқан. Ал үздік үштікті украиналық "Natus Vincere" командасы түйіндеп тұр. 

AVANGAR командасында төрт қазақстандық ойыншы өнер көрсетеді. Атап айтқанда: Тимур Төлепов, Айдын Тұрлыбеков, Алексей Голубев және Бектияр Бақытов. Ал команданың капитаны - ресейлік ойыншы Али Джами.

Бұған дейін қазақстандық ұжым әлемнің ең беделді турнирі Katowice Major-дан шығып қалған болатын. Жарыстың негізгі кезеңіндегі алғашқы матчында AVANGAR 0:2 (12:16 Mirage; 7:16 Train) есебімен team Liquid командасынан ұтылып қалды. Алайда ойын барысында қазақстандық команда есепте алда болып, жеңіске жетуге жақын еді. Алайда соңғы сәтте қарсылас команда таразы басын теңестіріп, артынша жеңісті жұлып алды. Екінші кездесуде америкалық NRG командасынан басым түсті. Есеп - 16:13. Үшінші матчта тағы бір америкалық ұжымды қапы қалдырды. Қазақстандық ойыншы Дәурен AdreN Қыстаубаев өнер көрсететін FaZe Clan командасы AVANGAR-дан 16:13 есебімен жеңіліс тапты. Соңғы ойында финляндияның ENCE командасынан 16-7 есебімен жеңілген AVANGAR Katowice Major турнирінің плей-офф кезеңіне бір қадам жерден тоқтады.  

AVANGAR - 2016 жылы Қазақстанда құрылған бұл ұйымда танымал Counter-Strike:Global Offensive және PlayerUnknown's Battleground ойындарынан сынға түсетін командалар бар. Бұл ұйымның жігіттері екі ойыннан да жақсы нәтижелерге жетті. 

А. Рысдәулет