"Барыс" "Торпедоға" қарсы екінші ойында камбэк жасады

"Барыс" "Торпедоға" қарсы екінші ойында камбэк жасады
Фото: "Барыс" ХК

Астанада "Барыс" пен "Торпедо" арасындағы екінші ойын аяқталды. Құрлықтық хоккей лигасы (ҚХЛ) плей-офф кезеңіндегі екінші кездесуде елордалық ұжым нағыз камбэк жасады.

Ойын қонақтар үшін аса сәтті басталды. 2 минутта Антон Волченков "Торпедоны" алға шығарды. Ал бірінші кезең аяқталар тұста Михаил Варнаков есепті еселеді.

Екінші кезең басталысымен қонақтар тағы бір шайба соғып, есепте айқын алға шықты. Бұл жолы Роберт Саболич бағыттаған шайба "Барыс" қақпасынан бір-ақ шықты. Осы шайбадан кейін елордалық команда қақпашы Хенрик Карлссонның орнына Доминик Граховинаны шығарды.

27 минутта "Торпедо" төртінші шайбаның соғып, "Барыстың" жағдайын тіпті қиындатты. Даниил Ильин мұз айдынға шыққан қақпашыдан айласын асырып кетті.

Өз қақпаларына төртінші шайба енгеннен "Барыстың" шабуылы үдеді. 29 минутта Антон Сагадеев соққан шайбаны төрешілер видеоқайталауды көріп барып есепке алды. Ал 33 минутта Дмитрий Шевченко елордалық команданың ойындағы екінші шайбасын соқты.

Ойынның аяқталуына 5 минуттай уақыт қалғанда Даррен Диц шайба соғып, нәтижені қысқартты. Ал 59 минутта Мэтт Фреттин таразы басын теңестіргенде "Барыс Аренаға" жиналған жанкүйерлер бөріктерін аспанға атты. "Барыс" камбэк жасай білді. Овертаймда Роман Старченко елордалық ұжымға жеңіс сыйлаған шайбаны соқты.

Айта кетейік, 26 ақпан күні өткен бірінші ойында "Барыс" "Торпедоны" 4:1 есебімен ұтқан болатын. Жалпы есепте Андрей Скабелка жаттықтыратын қазақстандық клуб 2:0 нәтижесімен алда келеді.

Плей-оффта қай клуб төрт рет жеңіске жетсе, сол команда келесі кезеңге өтеді. Екі команда арасындағы кезекті екі ойын Нижний Новгородта болады. Біріншісі - 2 наурызда, екінші ойын 4 наурыз күні өтеді.

Ө. Сансызбай