Қазақстандық шаңғышы неден қара басты?

Қазақстандық шаңғышы неден қара басты?
Фото: Reuters©

Шаңғы спортынан Австрияның Зефельд қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық спортшы Алексей Полторанин "допинг ережесін бұзды" деп айыпталды. Айыпталып қана қоймай, оң жамбасына келетін 15 шақырымды классикалық әдіспен жүріп өту жарысына қатыстырылған жоқ.

Ұлттық құрама көшбасшысы дәл осы сайыста жүлде алар деп жанкүйерлер күткен. Алайда жүлде алмақ түгіл, қазақстандық спортшының қарасы да көрінбеді. Жарыс басталмай тұрып-ақ Австрия полициясы ұстаған спортшылар қатарында боларын кім білген? Алексей неден қара басты? Бұл жағы әзірге белгісіз.

Бүгін Қазақстан шаңғы спорты түрлері федерациясы Алексей Полторанинге қатысты ақпарат бере кетті.

- Егер оның допинг қолданғаны шын мәнінде расталса, федерация бұл туралы ресми мәлімет жариялайды. Біз допинг қолдануға «нөлдік төзімділік» саясатын ұстанамыз. Әділетсіз әдістермен жеңіске жетуге және тыйым салынған негіздемелерге түбегейлі қарсымыз. Бірақ Полтораниннің допингке қарсы ережелерді бұзғаны толығымен дәлелденбейінше және федерация WADA, ХОК, FIS секілді ұйымдардың Алексейге ресми түрде айып таққанына көз жеткізбейінше, біз спортшымызды қорғайтын боламыз, - деді шаңғы спорты түрлері Ұлттық федерациясының баспасөз хатшысы Самал Наурызова

Әлем чемпионаты кезінде "допинг ережесін бұзғаны үшін" тоғыз адам ұсталған. Оның бесеуі спортшылар болса, төртеуі команда өкілдері. Спортшылардың екеуі Австриядан болса, екеуі - Эстониядан. Ал біреуі қазақстандық спортшы. Кімдер екені ресми түрде жарияланған жоқ. Әйткенмен, айыпталғандар қатарында әлем чемпионатының жүлдегерлері Алексей Полторанин, Андреас Веерпалу бары айтылып үлгерді. Австрия құрамасының бас жаттықтырушысы Доминик Бальдауф пен Макс Хауке ұсталғаны жайлы хабарлады.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері Комитеті төрағасы Серік Сәпиев те қазақстандық шаңғышыға қатысты ресми мәлімдеме жасады.

- Кеше Австрияның Зефельд қаласында шаңғы жарысы бойынша әлем чемпионаты кезеңінде 15 шақырымдық қашықтыққа жүгіру өткен болатын. ҚР Ұлттық құрамасының көшбасшысы Алексей Полторанин 40-шы старттық нөмірмен шығуы керек болатын, алайда жарыс жолына шықпады. Бүгінгі таңда қазақстандық шаңғышыға Австрия үкіметі, Халықаралық Олимпиада Комитеті, Шаңғы Федерациясы, Дүниежүзілік Допингке қарсы Агенттік тарапынан ешқандай айып тағылған жоқ. Австрияда Юрий Каминский бастаған жаттықтырушылар құрамы, ҰОК өкілдері, ҚР Шаңғы спорты Федерациясы өкілдері мен Алексейдің жеке жаттықтырушысы Алексей Наконечный бар. Бүгінгі таңда барлық жағдай анықталып жатыр. Алексей – шаңғы спортының үздігі, Әлем Чемпионаты, ФИС-старттардың жеңімпазы мен жүлдегері. Біз қашанда таза спортты қолдаймыз, әзірге Алексейге ешқандай кінә тағылған жоқ. Біз оны соңына дейін қорғаймыз, - деді Серік Сәпиев. 

Австрия полициясы оқиғаға қатысты арнайы баспасөз жиынын өткізді. Спортшылардың бірі допинг қабылдау кезінде ұсталған. Оның кім екенін жариялаған жоқ. Қазіргі сәтте істің мән-жайы тексерілуде.

Ө. Сансызбай