Чемпиондар лигасы. "Аяксты" 7 ойын қатарынан ұтқан "Реал" рекорд жасады

Чемпиондар лигасы. "Аяксты" 7 ойын қатарынан ұтқан "Реал" рекорд жасады
Фото: reuters

Футболдан Чемпиондар лигасы 1/8 финалындағы бірінші ойындар жалғасуда. Күні кеше ПСЖ мен "Рома" жеңіске жетсе, бүгін бұл жолды "Реал" мен "Тоттенхэм" жалғады.

"Аякс" (Нидерланд) - "Реал" (Испания) 1:2

Ойындағы үш гол да екінші таймда соғылды. Бірінші таймда "Аякс" қорғаушысы Николас Тальфико гол соққанмен, VAR көмегіне жүгінген Дамир Скомина нәтижені есепке алған жоқ. Бұл Чемпиондар лигасы тарихындағы алғашқы жағдай болды. Себебі видеоқайталау бұл жарысқа осы 1/8 финалдағы ойындардан бастап енгізілді.

60 минутта Карим Бензема "корольдік клубты" алға шығарды. Араға 16 минут сала алаң иелері есепті теңестіре білді. Марокколық жартылай қорғаушы Хаким Зиеш гол соғып, көзге түсті. Алайда ойын аяқталар тұста Марко Асенсио "Реалға" жеңіс сыйлаған голды соқты. Ол 73 минутта Бенземаның орнына шыққан болатын.


"Реал" нидерланд ұжымын 2010 жылдан бері 7 рет қатарынан ұтқан. Бұл жарыс тарихындағы рекордтық көрсеткіш болып тіркелді.

Екі команда арасындағы қарымта ойын 6 наурыз күні өтеді.

"Тоттенхэм" (Англия) - "Боруссия д" (Германия) 3:0

Ағылшындық клуб өз алаңында неміс ұжымын ойсырата ұтып, ширек финалға шығуға нықтап қадам жасады. Бұл ойында да голдардың барлығы екінші таймда соғылды.

Екінші тайм бастала сала Сон Хын Мин есеп ашты. Ал соңғы 10 минут ішінде "Тоттенхэм" тағы екі гол соғып, жергілікті жанкүйерлерді қуантты. Бұл жолы ойында үздік өнерімен Ян Вертонген көзге түсті. Бірінші гол кезінде нәтижелі пас берсе, екінші голды өзі соқты. Ал 84 минутта алаңға шыққан Фернандо Льоренте араға 2 минут сала нәтижені еселеді.


Осыған дейін ПСЖ "Олд Траффордта" "Манчестер Юнайтедті" ұтса, "Рома" өз алаңында "Портудан" басым болған еді.

1/8 финалдағы өзге ойындар ендігі аптада жалғасады. 19 ақпаннан 20 ақпанға қараған түні "Ливерпуль" (Англия) - "Бавария" (Германия) және "Лион" (Франция) - "Барселона" (Испания) командалары арасындағы ойындар өтсе, келер күні дәл сол уақытта "Шальке" (Германия) - "Манчестер Сити" (Англия) және "Атлетико" (Испания) - "Ювентус" (Италия) командалары кездеседі.

1/8 финалдағы қарымта ойындар 5-6 және 12-13 наурызда өтеді.

Ө. Сансызбай