Жыл бойы күткен жарыс

Жыл бойы күткен жарыс
Фото: massaget.kz

Алматыда әуесқой футболшылардың "Қарғалы" деп аталатын футбол клубы бар. Құрамында әр буынның өкілдері доп тебетін клуб мүшелері жыл сайын "Жыл басы жақсылық әкелсін" деген тілекті ту етіп дәстүрлі турнир өткізіп келеді. Бұл турнирдің  өмірге келуіне ұйытқы болып, дәстүрлі доданың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына себепкер жан – журналист Ақын Ордабайұлы.

– Бұл турнир осымен үшінші жылға ұласып, үзбей жалғасын тауып келеді. Орта жастан асып, егде тартқан қатарластарымыздың салауатты өмір салтын қалыптастырып, қашанда сергек жүрудің керемет үлгісін көрсетіп, үнемі футбол ойнап жүреміз. Біз де алдыңғы буын ағалардың ізін жалғап, соларға еліктеп өстік. Бізден кейінгі толқынды қал-қадерімізше тура жолға бастай білсек деген мұратпен осынау турнирді қолға алған едім. Биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушы командалардың ойыншылары алаңда қарсылас болғанымен, ойыннан кейін емен-жарқын  әңгімелесіп, жүздесіп қайтты. Дода жыл сайын жалғасын табады деп сенемін, – дейді турнирдің ұйымдастырушысы журналист Ақын Ордабайұлы.

Биыл да бұл турнир Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің залында өтті. Осы оқу орнының  спорт кешенінің басшысы, Қазақ күресі федерациясының тұңғыш президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген  жаттықтырушысы, профессор Ерғали Мұхитдинов  турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде құттықтау сөзін сөйлеп, келешекте доданың ауқымын кеңейтіп, қатысатын командалардың қатарын толықтыруға ықыласты екенін атап өтті. Ақын Ордабайұлы қазақы жөн-жора бойынша Ерғали Мұхитдиновқа ойыншылар  атынан алғыс айтып, иығына оқалы шапан жапты. 

"Жыл басы жақсылық әкелсін" деген атаумен ұйымдастырылған турнирде 1-орынды Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерінен жасақталған команда иеленді. 2-орын  шабуыл шебінде де, қорғаныста да қарымдылығын байқатып, дараланған Мәди, Нұрсұлтан сынды ойыншылары бар  "Қазпочта" ұжымына бұйырды. 3-орынды "Қарғалы" командасының ойыншылары еншіледі.

Турнирдің ұйымдастырушылары жеке аталым бойынша да бірнеше футболшыларды марапаттады. Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің жасы жетпіске жеткен қызметкері Нұрғалық Рүстемұлы Бектасов ерекше шеберлігімен дараланды. Жетінші мүшелге қарай аяқ басқан қарт ойыншының алаңдағы қимылына қарасаң, қырыққа енді ілінген қырмасақалдардай ойқастайды. Турнирдің үздік ойыншысы атағына Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерінен жасақталған команданың белді шабуылшысы Ғалым Рабатов ие болды.Сонымен бірге, қарсы жақтың тепкен добын домалап жүріп қағып, командаластарының жеңіске жетуіне ерекше үлес қосқан "Қазпочта" командасының қақпашысы Ғалымжан Демесінов үздік қақпашы атанды.

Турнирдің үздік қорғаушысы болып пайғамбар жасындағы ардагер ойыншы, "Қазпочта" командасының капитаны танылды. Сондай-ақ Дархан, Ерхан Жәкешовтер, Ертай Әбеуов, Сайфуддин Шамшудинов,  Ербол Төлеков, Айдос Қуатбеков, Дәулет Жайнақов, сынды әуесқой футболшылар арнайы жүлдемен марапатталды.

Тартысты өткен ойыннан үлкен әсер алған ардагер ойыншылар жарыс соңынан көпке дейін тарқамай шер тарқасты. Жыл бойы асыға күткен аламан жарыс осылайша мәресіне жетті. Келер жылы осы жарысқа ұйытқы болған Ақын Ордабайұлы бәсекенің қызығын қыздыра түсу үшін, қатысушы командалар  санын арттыруды мақсат етіп отыр екен. Ендеше денсулықтың кепілі болып отырған бұл жарыс, көпке үлгі боларына бек сенімдеміз.

Қ.Көшек

Ө. Сансызбай