Қазақ дзюдошылары Парижде өтетін турнирде бақ сынайды

Қазақ дзюдошылары Парижде өтетін турнирде бақ сынайды
Фото: fdk.kz

Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасы 9-10 ақпан күндері Франция елінің астанасы Парижде өтетін "Үлкен дулыға" (Grand Slam) турниріне қатысады.

Спортсүйер қауым көз тіккен жарысқа әлемнің 100 елінен 633 спортшы қатысады деп күтілуде. Қазақ елінің атынан 15 дзюдошы бақ сынайды.

Әйелдер арасында Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Галбадрах Отгонцэцэг қана қатысады. Ол осы жарыста 2015 жылы 7-орын алса, 2016 жылы жеңімпаз атанған.

Ерлер арасында еліміздің кіл мықты татами шеберлері бақ сынайды. 60 кг-ға дейінгі салмақта Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов жарыс жолына шығады. Сондай-ақ бұл салмақта Ғұсман Қырғызбаев та жүлде үшін таласады.

66 кг салмақта бас жаттықтырушы Айдын Смағұлов Ерлан Серікжанов пен Әбілхайыр Мәуленинге сенім артып отыр. Ақылбек Серік пен Жансай Смағұлов 73 кг салмақта бақ сынайды.

Рио Олимпиадасына қатысқан, 2018 жылғы Азия ойындарында топ жарған Дидар Хамза 81 кг салмақта жүлделі орыннан көрінуге күш салады. Сондай-ақ бұл салмақта Руслан Мұсаев та турнирге қатысады.

90 кг-ға дейінгі салмақта қазақстандық танымал дзюдошылар Азиз Қалқаманұлы мен Ислам Бозбаев ел намысын қорғайды. Әділхан Қозыбаев пен Айбек Серікбаев 100 кг-ға дейінгі салмақта қатысады. Ал аса ауыр салмақта (+100 кг) Ерасыл Қажыбаев пен Әділ Оразбаев жарыс жолына шығады.

Ө. Сансызбай