Хабиб Нурмагомедов спорттан 9 айға шеттетілді

Хабиб Нурмагомедов спорттан 9 айға шеттетілді
Фото: Sportbox

Невада штатының атлетикалық комиссиясы (NSAC) UFC 229 турнирінің басты жекпе-жегінен кейін жанжал шығарған ресейлік спортшы Хабиб Нурмагомедовке қатысты өз шешімдерін жариялады. Ресейлік спортшы 9 ай уақытқа жарыстардан шеттетілді.

Жеңіл салмақта UFC чемпионы жарыстардан шеттетіліп қана қойған жоқ, жарты миллион доллар айыппұл да төлейді. Егер Хабиб бұзақылыққа қарсы әлеуметтік бағдарламаларға қатысатын болса жаза мерзімі 3 айға қысқаратын болады. Мұндай жағдайда ресейлік спортшы сәуір айында кезекті жекпе-жегін өткізе алады.

Ирландиялық Конор МакГрегор да жазадан жалтарып кеткен жоқ. Ол да жарты жыл көлемінде жарыстарға қатыспайды. Сондай-ақ 50 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлейді.

NSAC UFC 229 турнирінде жанжалды ушықтырған ресейлік Абубакар Нурмагомедов пен Зубайра Тухуговқа қатысты да шешімдерін шығарды. Екеуі де 1 жыл көлемінде жекпе-жек өткізбейді. Сондай-ақ 25 мың доллар көлемінде айыппұл төлейді. Тағы бір айта кететіні, спортшылардың жаза мерзімі 2018 жылдың қазан айынан бастап есептеледі.

Ресейлік спортшының менеджері Ризван Магомедов жауап бергендей, Хабиб Абубакар мен Зубайраның жаза мерзімі аяқталмай, UFC жарыстарына қатысудан бас тартпақ.

Айта кетейік, UFC 229 турнирінің басты жекпе-жегі соңынан Хабиб ирландиялық спортшының командасына қарсы шығып, жаппай төбелеске ұласқан еді. Ресейлік спортшы ирландиялық спортшының спарринг қарсыласы Диллон Дэниске жұдырық ала жүгірсе, UFC қатысушыларының бірі, Хабибтің досы Зубаира Тухугов октагонда Конормен шайқаса кеткен-ді. Тәртіп сақшылары жағдайды реттеп, екі спортшыны октагоннан әрең алып шыққан болатын. Сондай-ақ Хабибке чемпиондық белбеулер табысталмаған еді.

Апта басында Хабиб Нурмагомедов Қарағанды қаласындағы "Таңшолпан" балалар үйіне келіп, балалармен жүздесіп те қайтқан болатын.

Ө. Сансызбай