Кениялық жеңіл атлеттер Қазақстан атынан жарыстарға қатыспақ

Кениялық жеңіл атлеттер Қазақстан атынан жарыстарға қатыспақ
Фото: altayproteam.kz

Қазақстан азаматтығын алып, халықаралық жарыстарға қатысып жүрген спортшылар аз емес. Олимпиада ойындарында жүлде сыйлаған, тіпті алған жүлдесін кейін кері қайтарған (допинг қолданғаны үшін) атлеттер де бар. Енді бұл қатарға Кения елінен келген спортшылар қосылмақ.

Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы Кенияның 5 азаматы Қазақстанның азаматтығын алғаны жайлы ресми мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Vesti.kz сайты. Оның 4-і спортшы болса, 1-і жаттықтырушы екен.

- Спортшылар Нора Джеруто, Каролин Кипкируи, Дэйзи Джэпкимэй, Шэдрак Коэч және жаттықтырушы Кеннет Кепиего Ротич 2018 жылдың желтоқсан айында Қазақстан азаматтығын қабылдады.

2019 жылдың қаңтар айынан бастап атлеттер Шығыс Қазақстан облысының атынан жарыстарға қатысады. Сондай-ақ олар "Алтай Атлетикс" командасының мүшелері. Қазіргі таңда федерация "спорттық азаматтық" алу мақсатында Халықаралық жеңіл атлетика федерациясына (IAAF) ұсыныс жіберді. Оларды IAAF өз ережелеріне сай тіркейтін болады. 

 IAAF рейтингіне сәйкес қазіргі уақытта Нора Джеруто 3000 метрге кедергілермен жүгіру бойынша екінші орында тұр, ал Каролин Кипкируи 5000 мың метрге жүгіруден сегізінші орында. 10 шақырымға жүгіруден - бірінші орын, үш мың метрге жүгіруден екінші орында.

Дэйзи Джэпкимэй болса 3000 метрге жүгіруден оныншы орында", - делінген федерацияның ресми жауабында.

Кениялық спортшылар Шығыс Қазақстанда өткен жабық кешендегі Қазақстан чемпионатына қатысып та үлгерді. Ерлер арасында 1500 метрге жүгіруде 19 жастағы Шэдрак Кимутаи Коеч жеңімпаз атанды. Ал әйелдер арасында 1500 және 3000 метрге жүгіруде алтынды 24 жастағы Каролине Кипкируи иеленді. Күміс және қолаға 23 жастағы Норе Джируте мен 22 жастағы Дэйзи Джепкемей ие болды. Бұларды жаттықтыратын Кеннет Кепиего Ротич "Алтай Атлетикс" командасында жаттықтырушы-менеджер қызметін атқарады.

Ө. Сансызбай