Алматыда дзюдодан әлем чемпионаты өтеді

Алматыда дзюдодан әлем чемпионаты өтеді
Фото: Сали Сабиров

Дзюдодан 2019 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты Алматыда өтетін болды. Бұл туралы Қазақстан дзюдо федерациясының ресми сайты хабарлады.

Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіне сәйкес өтетін Әлем біріншілігінде 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер 16 салмақ дәрежесінде бақ сынайды. Жарыс 25-29 қыркүйек аралығына жоспарланған.

- Осындай маңызды жарысты Қазақстанда өткізуге сеніп тапсырғандары үшін Халықаралық дзюдо федерациясына алғыс айтамыз. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан дзюдодан әлемдік аренада өзіндік орнын қалыптастырған беделді ел болып саналады. Осыған дейін ересектер арасында Гран При, Masters, сондай-ақ Әлем чемпионаты сынды әлемдік ірі жарыстарды абыроймен өткізді.

2019 жыл мемлекет басшысының ұсынысымен "Жастар жылы" болып жарияланғанын білесіздер. Елбасымыз айтпақшы, біздің болашағымыз - жастар, жасөспірім буын болғандықтан, жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының рөлі біз үшін маңызды. Бұл біздің кішкентай спортшыларымыздың шеберліктерін шыңдап, елімізде балалар арасында дзюдоның дамуына зор үлес қосады. Сонымен қатар, болашақта ел намысын аброймен қорғайтын спортшыларды дайындауда көмегін тигізеді деп ойлаймын, - дейді Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Житкеев.

Айта кетерлігі, дзюдодан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатын өткізуге Алматымен (Қазақстан) қатар, Ұлан-Батыр (Моңғолия) мен Абу-Даби (БАӘ) қалалары үміткер болған.

Биылғы ересектер арасындағы әлем чемпионаты Жапония елінің астанасы Токиода өтеді.

Ө. Сансызбай