"Барселона" талантты нидерланд футболшысын сатып алды

"Барселона" талантты нидерланд футболшысын сатып алды
Фото: .fcbarcelona.com

"Барселона" футбол клубы талантты нидерланд футболшысы Френки де Йонгты сатып алды. Бұл туралы каталондық клубтың ресми сайты хабарлады.

Жартылай қорғаушы жаңа командасына алдағы жаздан бастап қосылады. Ал оған дейін қазір ойнап жүрген "Аякста" жүре тұрады.

Футболшы мен клуб арасындағы келісімшарт мерзімі 2024 жылдың маусым айына дейін жасалған. Френки де Йонгтың трансферлік құны 75 миллион еуро құрады. Сондай-ақ қосымша 11 миллион еуро көлемінде сыйақылар да қарастырылған.

21 жастағы ойыншы кәсіби мансабын 2015 жылы "Виллем ІІ" командасында бастаған. Кейіннен "Аякс" сапына ауысқан. 2018 жылы Нидерланд құрамасына шақырту алды. 5 ойын өткізіп үлгерді.

Каталондық клуб осыған дейін "Сассуолодан" Кевин Принс Боатенгті маусым соңына дейін жалға алған болатын. Сондай-ақ "Тулуза" командасынан сатып алған Жан-Клер Тодибо да команда қатарына жазда қосылады.

"Барселона" клуб сапында ойнап, атағы жер жарған нидерланд футболшылары аз емес. Йохан Кройф, Патрик Клюйверт, Роналд Куман, Джио ван Бронхорст, Нескенс, Овермарс, Франк де Бур, Филипп Коку есімдерін ерекше атап өтуге болады.

"Барселонада" ойнаған нидерланд футболшылары

Ө. Сансызбай